«Ертіс» футбол клубының ойыншылары Еуразиялық Топ кәсіпорындары қызметкерлерімен жүздесті

/uploads/thumbnail/20170709234956779_small.JPG

«Ертіс» футбол клубының басшылығы, бапкерлері мен ойыншылары Еуразиялық Топтың Павлодар өңіріндегі екі кәсіпорнын аралады. Спортшылар «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның өндірістік процестерімен  танысты. Мини-футболдан кәсіпорын құрамаларының мүшелері, ардагерлер мен спорт сүйер қауымнан құралған жанкүйерлер оларды ерекше ықыласпен, қуана қарсы алды деп хабарлайды qamshy.kz.   

Еуразиялық Топтың Павлодар облысында орналасқан кәсіпорындарының қызметерлері – «Ертіс» футбол клубының басты жанкүйерлерінің қатарында. Әр кездесу сайын жүздеген еуроазиаттықтар аталған ұжымға қолдау көрсету үшін стадионға асығады. Әрі ERG – клубтың негізгі демеушісі.

«Ертіс» ФК басшылығының ұйғарымымен клуб ойыншыларының өңірдегі өндірістік кәсіпорын ұжымдарымен жүздесуі алдын ала жоспарланған.  Осылайша, жаттығу жұмыстары мен Қазақстан премьер лигасы ойындары арасындағы үзілісте футболшылар «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытына келді. ТМД аумағындағы ең алып ферроқорытпа цех саналатын №6 цехты аралаған футболшылар жоғарыкөміртекті феррохромды балқыту үрдісінің қалай жүзеге асатынын өз көздерімен көріп, алып кәсіпорынның өндірістік қуатына таңданып қайтты. Одан соң Ақсу қаласындағы дене шынықтыру және сауықтыру орталығына беттеп, Ақсу ферроқорытпа зауытының «Металлург» командасында тәлім теріп жүрген өрендер, жанкүйерлермен кездесті. Тіпті жеткіншектерге кішігірім шеберлік сабағын да өткізді. Осы орайда аталған клубта өңірдің басты командасында доп тебетін ойыншылардың ізбасарлары желкілдеп өсіп келе жатқанын атап айтқан жөн. Мәселен, Борис Куцевол қазірден «Ертістің» қосалқы құрамында өнер көрсетсе, Изат Құлжанов, Данил Денисов, Тимур Жапаргазинов,  Никита Прохоренко, Вячеслав Гордиенко және Ильдар Слямовтар «Ертістің» футбол орталығында шеберліктерін шыңдап жүр.

– Жасым тоғызда. Үш жылдан бері осы «Металлург» клубында футболмен айналысып жүрмін. Бұл командалық ойын болғасын онда гол салу да оңай емес. Сол үшін алдымен дене әлеуетімді шынықтырып, жаттығудың техникалық қырларына ерекше көңіл бөліп жүрмін. Мен де, достарым да «Ертіс» ойыншыларынан үлгі аламыз. Әрі ойын сайын олардың қарсыластан басым түскенін қалаймыз, – деді Ескендір Ерназарұлы.

Одан соң ойыншылар биыл он жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ERG-дің ең жас кәсіпорны – Қазақстан электролиз зауытына барды. Спортшылар бастапқы алюминий өндірісін тануға ерекше талпыныс танытты. Алюминийді электрлиздеу цехын аралаған спортшылар өнімнің қайдан алынатынын, қалай өндіріліп, қай салада кеңінен пайдаланылатыны турал егжей-тегжейлі сұрап білді. Команданы әсіресе өндіріс процестерінің автоматтандырылу деңгейі таң қалдырды.

– Біз қазіргі заман талабына сай қуатты әрі ауқымды өндіріс ошақтары – Еуразиялық Топ кәсіпорындарын қуана араладық. Оның үстіне бұл адамдар бізге әрдайым қолдау көрсетіп, біздің командамыздың бір мүшесі болғаны қуанатады. Осы орайда футболшыларға жанкүйердің ықыласы ерекше әсер ететінін айта кеткен абзал. Сондықтан ауыр жұмыс атқарып жүргендеріне қарамастан, ойынға келетін қызметкерлерге алғыс айтамыз. Бізге көрсетіп отырған қолдауларыңыз үшін көп рахмет!, – деді «Ертіс» ФК директоры Ойрат Садуов «ҚЭЗ» АҚ ұжымымен кездесуде.  

– Біздің ұжымды бұл кездесу жаңа белеске жетелеп, ынталандырды. Өйткені осындағы спортшылар өз ісінің шын мықтылары, кәсіби шеберлерімен жүздесті. Қазақстан электролиз зауытында футбол – №1 спорт. Сол себепті спорттың нақты осы түрін дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. ҚЭЗ құрамасы топ ішілік, қалалық және облыстық деңгейде ұйымдастырылатын жарыстардың бәріне белсене қатысады. Әрі біздің әріптестеріміз тұрақты жаттығып, футболдағы шеберліктерін үздіксіз жетілдіріп келеді, – деді «ҚЭЗ» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Александр Клименко. 

Қос кездесу соңында тараптар тарту таралғыларын жасап, естелік суретке түсті. Одан соң жанкүйерлер спортшылардан қолтаңба алды.

 Павлодар облысы әкімдігімен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру жөнінде жасалған Меморандум аясында Еуразиялық Топ біраз жылдан бері «Ертіс» футбол клубын қолдауға қаражат қарастырып келеді. ERG Топ кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдіктерімен де 13 жылдан бері тұрақты тұрде осындай меморандумдар жасасып келеді.

Соңғы бес жылда (2012-2016 жж.) Еуразиялық Топтың Қазақстандағы барлық кәсіпорындары қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік саланы қаржыландыруға, аймақтарды әлеуметтік-экономикалық дамытуға, демеушілік пен қайырымдылыққа 103 млрд теңгеден астам қаржы жұмсады.

 

Қатысты Мақалалар