ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов 60 жасқа толды

/uploads/thumbnail/20170709235142562_small.JPG

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтановтың 60 жасқа толған туған күні. «Қамшы» порталы Ғалымқайыр Мұтанов мырзаны  бүгінгі мерейтойымен құттықтай отырып, қызметіне табыс тілейді!

Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов 1957 жылы 3 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Белтерек ауылында дүниеге келген. ҚР Ұлттық академиясының құрметті мүшесі Ғалымқайыр Мұтанов Қазақ политехникалық институтын “Автоматика және телемеханика” мамандағы бойынша тәмамдап, Мәскеу тау-кен институтының аспирантурасын бітірген.

Өзінің еңбек жолын Рудный институтында оқытушылық қызметтен бастаған.

Мәскеу болат және қорытпалар институтының «Түсті және сирек металлдардың технологиялық үдерістерін автоматтандыру» кафедрасында екі жылдық ғылыми сынақ мерзімінен өткен. Оның кандидаттық және докторлық диссертациялары жасанды ақыл-парасат элементтерін қолданып, технологиялық үдерістерді автоматтандырып басқару теориясы мен практикасына арналған.

Ол 1995-2002 жылдары СҚМУ-дың ректоры қызметін атқарды.

2002 жылы Ғалымқайыр Мұтанов ҚР-ның Бірінші білім және ғылым вице-министрі лауазымында жұмыс атқарды. Оның басшылығымен Білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының негізі қаланып, оны ең басым бағыттарда іске асыру бойынша жақсы нәтижелер көрсетті.

Кейіннен 2003 жылы шілде айында – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры болып тағайындалып, инновация, білім сапасы, әлемдік білім кеңістігімен бірігу бағытын ұстанды.

2010 жылғы 7 қазаннан бастап, осы уақытқа дейін – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры.

Ғалымқайыр Мұтанұлы өмірін тек ғылымға арнамай, өлең мен спортты да қатар алып жүрген жан. КСРО-ның дзюдо күресі бойынша спорт шебері. Ол ҚР-ның еңбек сіңірген спорт қайраткері, Шығыс жекпе-жек күресі қауымдастығының вице-президенті. Жырлары Республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінде жарық көрген.

Ғ.Мұтанов 10 халықаралық академиялардың академигі болып табылады, ол әлеуметтік-экономикалық үдерістер аясындағы тақырыптарға жазылған 400-ден артық ғылыми жарияланымның, соның ішінде 10 монографияның, оқулықтардың, оқу құралдарының, әдістемелік әзірлемелердің авторы. Бұлар АҚШ, Чехия, Швеция, Германия мен Швейцарияда басып шығарылған; сондай-ақ 35-тен астам патенттің, өнер табыстардың авторы. Ол жасанды ақыл-парасатты, сараптама жүйелерін қолдану негізінде техникалық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы математикалық үлгілеу және басқару жөніндегі ғылыми мектебін құрды. Ол үш ғылым докторын және отызға жуық ғылым кандидатын дайындады. IGIP Халықаралық инженерлік педагогика қоғамы Орталық Азия бөлімшесінің Президенті және мониторинг комитетінің мүшесі (Швейцария), Халықаралық инженерлік білім федерациясындағы (IFEES) Қазақстандық қоғамның (KazSEE) Президенті, UNESCO білім берудегі ақпараттық технологиялар институтының Басқарушылар Кеңесінің мүшесі (Париж), ол «Техникалық жоғары оқу орнының еуропалық оқытушысы» атағының, Республика ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан және де Қазақстан үшін басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулерді белсене жүргізетін әйгілі ғалымдарға арналған ҚР ҰҒА грантының иегері болып табылады.

Ғ. Мұтанов Халықаралық библиографиялық орталықтың күміс медалімен (Кембридж), "The United Europe" Алтын медалімен (Оксфорд) марапатталған.

Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, “Парасат” орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» мерекелік медалдарымен, «ҚР Президентінің ерекше белгісі», «Қазақстан Республикасының халыққа білім беру үздігі», «Қазақстан Республикасының құрметті білім беру қызметкері», «Қазақстан Республикасының Құрметті инженері» төсбелгілерімен марапатталған.

Ғ.М. Мұтанов  «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ Директорлар  кеңесінің төрағасы,  «Ұлттық инновациялық қор»  АҚ қоғамдық консультациялық кеңесінің төрағасы.

 

Қатысты Мақалалар