Оппозициялық «Саяси калам. Трибуна» газетінің бас редакторы болған Жанболат Мамай олигарх Мұхтар Әбіләзовтің құпия түрде қаржылық қолдауына ие болды деп айыпталып, абақтыға тоғытылған еді. Алайда, журналист өзіне тағылған айыпты мойындамады. Мұхтар Әбіләзовтың өзі де 2009 жылдан бері Еуропада болғандықтан, Жанболат Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтқан.
Ой-пікір еркіндігі құқығын қорғау ұйымдарының халықаралық желісі (IFEX) қазақстандық журналист Жанболат Мамайдың қамалып, қуғындалып жатқанына алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды Азаттық. IFEX Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған үндеуінде Мамайды Алматыдағы тергеу абақтысында қысым көргені туралы мәлімдемені тергеп, оны қудалауды тоқтатуға және оған қатысты сот процесін әділ өткізуге шақырды. IFEX сонымен қатар мәлімдемесінде Мамайдың жұбайына доқ көрсетілгенін тергеп, журналист пен оның отбасының болашақтағы қауіпсіздігіне кепілдік беруге шақырды.
Мәлімдемеге 29 құқық қорғау ұйымы, оның ішінде Алматыдағы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымы, «Артикль 19», «Журналистерді қорғау комитеті», «Цензура индексі» және басқа да ұйымдар қол қойған.
Ақпанның соңында Мамай адвокаты Жанар Балғабаева арқылы Алматыдағы тергеу абақтысында «басқа тұтқындар тарапынан соққы жеп, моральдық қысым көргенін» жеткізген. Мамайға кіріп шыққан Ұлттық превентивтік механизм өкілдері биліктен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен. Құрамына қазақстандық журналистер мен құқық қорғаушылар кіретін Мамайды қорғау комитеті де оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап еткен.