Қаншама қасыретті, зұлматты басынан өткерседе, болмысын бұзбай, бітімін сақтаған халқымыздың ту тігер тұғырын нақтап, бодандықтан бостандыққа жеткен қазіргі кезде ата-салтқа немкеттілікпен қарап, есіркеп келген керемет ырым-тиымдарымызды ескі деп елемей баба-салтымызға жүрдім-бардым қарайтын деңгейге түстік пе? деп қаласың. Тірсегі майысса да, тізесі бүгілмеген, жалауы жығылсада жанының жалыны жүнжімеген арда халық едік. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген бұл күні өткенімізді елеп, бүгінімізге дәйек етсек ұтылмасымыз анық.
Әрі, өсіп келе жатқан өскінмен, келер ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Атамыз Қазақта: Түндігің түрілусіз қалсын! - деген ең ауыр қарғыс сөз бар. Мәніне ой жүгірітсек, "бақан ұстар балаң, түндігіңді түрер келінің қалмасын, ұрпақсыз, тұяқсыз қал" дегені. Қазақтың ең бірінші болып істейтін шаруасы: Таңмен таласа тұрып түндікті түру. Онда да түндікті келіні түріп, пешке от салған. Ашық күнде түндікті түрмеу, ең жаман ырым саналған.
Қаза шыққан қаралы үйдің түндігін күндіз түрмейтін салт бар. Түндігі түрілмеген үйді алыстан көрген адам, түндігінің түрілмегеніне қарап, ол үйден өлім шыққанын бірден білетін болған.
Ендеше, барша халық шат-шадыман күйге еніп, мәре-сәре қуанышқа бөленген мереке-мейрам, дүбірлі тойға тіккен Қазақы үйіміздің түндігін күндіз неге тұмшалап жауып қоямыз? Әлде ата-салтымыз, бабадан жеткен салт-дәстүр, ырым-тиым түкке тұрғысыз дүние ме? қашанғы қаралы үйдің бейнесін тігеміз? .......
Бұрынбай Болатбекұлы