Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Алматы әкімі Бауыржан Байбек белгілі академик Төрегелді Шармановтың бастамасымен ашылған бірегей өндірісте болды. Атақты ғалым денсаулық үшін пайдалы сүт өнімдерін шығару ісін жолға қойыпты. Жаңа зауыт аталған өнімнің 30 түрін шығарады. Әсіресе, балалар тағамын шығаруға ерекше көңіл бөлінеді. Тағамтану академиясы президентінің айтуынша, бие сүтінің негізінде жасалған өнімдер түрлі аурулардан сақтай отырып, адам өмірін ұзартуға септігін тигізеді. «Бұл өмір сапасын жақсарта түсетін бірегей өнім, біз онымен мақтанамыз», - деп атап өтті Төрегелді Шарманов.
Өз кезегінде Мұхтар Құл-Мұхаммед қазақстандық ғалымдардың отандық экономиканың дамуы мен жаңғыруына екпін беруі тиіс екенін атап өтті.
"Еліміздің жасы мен кәрісінің бәрі де жақсы білетін академик Шармановтың табысы – осының жарқын мысалы. Ел ағасы атана бастаған жасына қарамастан белгілі ғалым жоғары сапалы өнім шығаруды жолға қойды және балалар тағамының экологиялық таза өнім болып табылатыны өте маңызды», - деп қорытындылады сөзін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.