ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысына келді.
Премьер-Министр бағдарламасында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды, өндірістік компанияларды, білім беру мекемелерін және тұрғын-үй нысандарын аралау жоспарланған.
Компаниялар, мемлекеттік органдар және салалық құрылымдардың басшыларымен кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» тұрғын-үй құрылысы бағдарламасының іске асырылу барысын және ел экономикасының, жалпы құрылыс саласының келешегін талқылайды. Бұдан өзге, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесімен және Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттерімен іскерлік кеңес өткізу жоспарланған.
Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысы республика үшін маңызды өнеркәсіптік маңызға ие. Өңірдің мұнай және газ өндіру, мұнай өнімдерін қайта өңдеу, машина жасау кәсіпорындары, металлургия, қорғаныс, тау-кен өндірісі, тігін және азық-түлік салаларында өнеркәсібі бар.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарларын жалғастыруда. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барған болатын.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен сапасын тексерді
Бақытжан Сағынтаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында тұрғызылған тұрғын үйлерді аралады.
Нысандарды аралау барысында Б. Сағынтаев тұрғын үйлердің сапасын тексеріп, «Нұрлы Жер» бағдарламасын іске асыру бойынша әрі қарайғы жоспарлар туралы есепті тыңдады. Бұдан өзге, Премьер-Министрге Орал қаласының ескі апатты үйлерін құлату бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары таныстырылды.
Өңірдегі алғашқы көппәтерлі үйлер үйқұрылысы комбинаты технологиясы бойынша тұрғызылады. Оның артықшылығы – үйлер салыстырмалы түрде жылдамырақ тұрғызылады. Мысалға, 72 пәтерлі үй 1,5-2 айдың ішінде тұрғызылады. Сонымен қоса, құрылыс жұмыстарына отандық материалдардың жоғарғы пайызы, заманауи жабдықтар қолданылады.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қазақстанның үшінші жаңғыруы атты ҚР халқына Жолдауында отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиісті құрылыс секторын дамыту туралы міндет қойды. Осы орайда Үкімет құрылыс пен құрылыс материалдары өндірісін жаңа технологиялар трансфертімен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде.
«Нұрлы Жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру маңызды міндет – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетінің шешімін табуға бағытталған.