(Фото: zheruiyq.kz)
«Майқапшағай» шекарашылары көшіп келе жатқан жесір ананың 50 мың долларын тәркілеп алғаны туралы жазған едік.
Кейіннен Шығыс Қазақстан облысында елге көшіп келіп, жолда ақшасынан айырылған қандастарымыздың үстінен сот басталған. Ақшасынан айырылған анаға тіпті «Ақша контробандасымен» айналысты деп айып тағылып жатыр екен. Осы істің мән-жайы турасында заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желіде жұрттан көмек көрсетуін сұрады.
Ағайын! Сіздердің көмек қолын созғандарыңыз аса қажет болып тұр. Түсінікті болуы үшін басынан бастап айтайын. Қытайдағы үйін сатып, Қазақстаннан үй аламын деп, "Майқапшағай" шекара бекетінен өтер кезде бар ақшасынан айырылған Мәуітхан Гүлжан апайдың басындағы қиын жағдай туралы көпшілігіңіз жалпы хабардар боларсыз. Істің нақтылы мән-жайы туралы өзім арнайы пост жариялағалы жүрмін негізі. Әзірге айтарым, Мәуітхан Гүлжан апай қазір ақшасынан айырылғаны аз болғандай, «Экономикалық контрабанда» жасамақшы болды деген желеумен қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Іс ШҚО, Зайсан аудандық сотында қаралуда. Мен іс сотқа кеткеннен бастап, ол кісілердің қолындағы құжаттарды саралап, өз сөздерін тыңдап апайдың кінәсіз екендігіне көзімді толық жеткізген адаммын, сол себепті, қолымнан келгенше көмектесуге уәде бергем. Ол кісілердің ең басты қателігі, дені дұрыс заңгер көмегіне дер кезінде жүгінбеуі, әйтпесе жағдай басқаша өрбуі де әбден мүмкін еді. Қош, сонымен іс сотқа жолданды, алғашқы сот отырысы 17 наурызға тағайындалды, мен қорғаушы болып қатыспаққа бел будым, алайда дәл сол кезде апайдың денсаулығы күрт сыр беріп, емхана көмегіне жүгінуге мәжбүр болды, ол жердегілер шетелдік деп қабылдамай, ақылы емхана жатты, қиыр-шиыр болып соның әуресімен жүргенде, келесі сот отырысы 27 наурызға тағайындалыпта қойды. Ол күнгі сотқа қатысу үшін мен 26 наурыз күні Астанадан Семейге ұшып, Ұларбек пен баласы Әділбек, Семейден машинамен күтіп алып, әрі қарай Зайсанға кетуіміз керек болған. Алайда, дәл сол күні қырсық шалғанда ұшақ ұшпай қалып (Қазақстанда ол әбден үйреншікті жәйт қой) менің сот отырысына қатысуым мүмкін емес болды. Ал адвокат болса керек, Ұларбек пен Әділбек алдын-ала барып алып мені Семейде күтуде. Содан Семейдің, өзім білетін осы қалай деген адвокаттарына қолқа салуыма тура келді. Бағыма орай, өзім танитын, жас та болса білікті адвокат қарындасым келісімін берді. Оның гонорарын, басқа да шығындары толық өтеледі деп уәде бердім. Сөйтіп, ең бастысы сот отырысына білікті адвокаттың қатысуын қамтамасыз еттім. Негізі ол жерде менің үмітім өзім жеке танитын бір-екі кәсіпкер болатын, сол азаматтар міндетті түрде қаржы жағынан көмектеседі деген сенім болған. Әншейінде, елім дегенде етектері жасқа толатын ол бейшаралар сын сағатта сырт берді. «Әбеке анау ғой, мынау ғой» - деп айтқан сылтауларын телефон арқылы да тыңдап тұру мүмкін емес еді. Кәсіпкер болса да, менің талай тегін көмегіме жүгінген ол байғұстардың бет-пердесі мен үшін осылай ашылды. Енді негізгі мәселеге келейін, кеше ғана Мұхтар Тайжан Сіздерден көмек сұрап, Әділбектің жеке құжаты мен банк карточкасын салды. Негізі, Гүлжан апай да, ұлы Әділбек те ешкімнен алақан жайып көмек сұрап отырған жоқ. Әділбек қытай жерінде күреспен айналысқан, кейін бапкер болып қызмет еткен кәсіби маман, намысшыл жігіт. Қазір өз еліне келіп, көшеде таксист қызметін атқарсада, нәпақасын адал айырып жүрген АЗАМАТ. Көмек сұрап отырған Мен, Мұхтарға да телефон шалып көмек сұраған Мен. Бұлайша өз бетімше әрекет етуге бірнеше себеп бар; 1. Отағасынан ерте айырылса да, өмір бойы тыраштанып еңбек еткен Гүлжан апай, бар жиған-тергенінен бір күнде айырылып қалды. 2. Денсаулығы нашар, ал Қазақстан емханалары болса шетелдік деп қабылдамайды, тек қана ақылы емханаға қаралуға мәжбүр, 3. Астанада үй жалдап тұрып жатыр, 4. Қазіргі таңда өз үстінен қылмыстық өндіріс қозғалып, сотталу қаупі бар. Елім-жерім деп келіп, далада қалған бір отбасының басына түскен осынша ауыртпалық менің жаныма жай таптырар емес. Бас Прокурорға хат жолдадық, сотқа өтініштер дайындадық, алайда биліктің беті бері қарар түр көрінбейді, әзірге. Гүлжан апайдың істі болып, сотталу қаупі анық. Себебі, Майқапшағай кеден бекетінде және Зайсан аудандық сотында бұған дейінде бұндай жағдайлар орын алған екен, ол туралы менің қолымда қазір нақты құжаттар бар. Ол туралы болашақта Ұларбек екеуіміз, басқа да азаматтарға арқа сүйей отырып мәселе көтермекпіз. Ал, егер, іс бұл жолы да алдыңғылардай аяқталса, шеттегі басқа қандастарымызды қалай, не бетімізбен елге шақырмақпыз? Сондықтан, Гүлжан апай және оның отбасына ең болмаса ел болып осылай көмек етсек, қаржылай демеп, елдігімізді көрсетсек дегім келеді.

p/s; "Сол шығынды өзің неге жауып тастамайсың" - деген сұрақтар бола қалса, алдын ала жауап бере кетейін. Шынында менде, кәсіпкер болмасамда жерге қарап отырған адам емеспін, дегенмен осы кезге дейін жалпы жұртқа жария етпеген бір жаңалығымды айта кетейін. Жақын арада Оралдың орталығынан кітап дүкенін ашпақпын, негізі ол дүкен осыдан жарты жыл бұрын ашылуы тиіс еді, алайда қаражат тапшылығына байланысты, жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Дәл осы мақсатта мен қаңтардың басынан Астанада іссапарда жүрмін, әрбір тиыным санаулы десе де болады. Ал, өзім сенген кәсіпкерлерімнің түрі болса анау...