АУЫТ МҰҚИЕК. МЕНІҢ ЖОЛЫМ

/uploads/thumbnail/20170708154127108_small.jpg

Менің жолым – кешегі бабам жолы, Опырып кеткен көпірін заман қолы. Арандарға жем болды халқым менің, Борандарға тап болды далам долы!

Менің жолым – ұзақ жол, жеңіс жолы, Бар бағыты бақытқа тегіс толы. Келе жатқан жерінен шыңға тартып, Бұрып кетті біреулер еңіске оны!

Менің жолым – сара жол, арман жолы, Тимей жүріп шабыс пен зардан қолы –  Бастап келіп бабалар бір белеске, Табыстаған тағы бір Тарланға оны...

Атажұрттан өзгені жерсінбеген, Бота боздап, аталар еңкілдеген. Менің жолым Ұлы жол, біле-білсең, «Қазақ түгел шеттегі келсін!» деген!

Араласам елдермен тым іріктеп, Жетелейді алдыға бір үміт тек. Бүгін маған көп, білем, тіс басулы, Бүгін маған түюлі жұдырық көп.

Саңғып ұшса, шыдайын құс басымнан, Адаспайды қашанда мықты ақылдан. Шығарғандар жұмыстан шығара берсін, Қалсам, қала тұрайын тұстасымнан!

Жердің дұшпан ежелден иеніне өш, Ағылады ерең-ақ түйелі көш! Күн кешеміз жабықпай, жалтақтамай, Ешкімге де жатпайсыз сүйеніп еш.

Басқалардан шығады даусың да өктем, Бастайсың бір сезіне нарқыңды еппен. Дүниеге қарайсың басқа көзбен, Басылып қалған серпіліп, халқым, көптен...

Қазақ деген қасқайып тұрса қалқан, Бақыт әнін атпай ма шырқап әр таң! Елім сонда, көресің, бөркін атып, Бір жырыма атайды бір Самархан!

09.09.2014 Астана

Қатысты Мақалалар