ҚИСЫҚ АҒАШ

/uploads/thumbnail/20170708154208565_small.jpg

Аға, Ұстаз, қазақ ұлтының қыршын кеткен бірегей, айтөбел азаматы Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Айуанлар Алтынбек ағаны атып кеткен кезде жазылған өлеңді тағы ұсынайын. Рухы пейіште шалқысын!

***                               ***                                 ***

Қисық ағаш

(А.Сәрсенбайұлының рухына)

Нұр саулаған гауһар тастай қарашықтан нұр емес, мөлт-мөлт етіп жас тамса; елжіреген ет жүрегің қан жылап, қан кепкесін қатқан қара тас болса; бодандық пен кемдіктің, бостандық пен теңдіктің, ақиқатында, мағынасы бос болса; қу тірлікті сүргенің – тоғыз ауыз тобасыз сөзбен, тоғыз түйеге жүк болар байлықпен, тоғыз грамм қорғасынмен ғана расталса – сонда шындықты қайдан табамыз?!

Өзімізде бар нәрсені өзімізге қимасақ; уақыт пен кеңістікті ноқталайтын қу көңіл мезгілінен жаңылып, шекті қойып, қара жер мен көк аспанның аясына сыймаса; біреудің надандығы мен тоқшылығы да, біреудің жамандығы мен жоқшылығы да, айналып келгенде, қара халықты ғана қинаса; азуы бары – азулымын екен деп айылын жимаса, құрығы ұзыны – құрықтымын екен деп құлқынын тимаса – сонда тәубені қайдан табамыз?!

Дін, діл дейміз, тіл дейміз... Діндарың кім? Дін қайда? Ділмарың кім? Діл қайда? Тілемсек кім? Тіл қайда? Шағыстырып отты суға, жерді – көкке, күнді – айға, бар ілімді ойботқа қып, жоқ ілімді ойлап тауып, әйтеуір, қойыртпақтап келтіреміз ыңғайға. Көз де, сөз де, көкірек те Аллаға емес адамға құл мұндайда – сонда иманды қайдан табамыз?!

Бірлік қайда? Бар ма, бірлік, ой бақсақ: батыс, шығыс, оңтүстік боп, жеке-жеке аймақ сап; жақсы менен жайсаңыңды бір-біріне айдап сап; руыңмен деп у ішкізіп, өзің зәмзәм су ішіп; шатырдағы орын үшін шайтанмен де туысып, итімен аң қуысып, итаяғын жуысып, сосын келіп кісімсіну қай мақсат?!

Тірлік қайда? Шындық – жалған; тәубе – қалған; бірлік – арман; иман – жоқ. Жапа шеккен ағайынның айтқанына ұйыған боп, реті келсе солармен, қышқылдатып шарап жұтып, ыстық-ыстық шәй ішіп; «саясат» деп, «мәдениет» деп қабырғамыз қайысып, өп-өтірік отырамыз майысып...

Ал жай күні қысыр сөз бен құр ұйқыдан бас алмай; жанға пайда әкелмейтін шүкірліктен аса алмай; біреу қызмет жасардай; біреу жамбас асардай; біреу құман тосардай, кергиміз кеп, сорға біткен қисық ағаш секілді. Сен бе, жалғыз кекілді? Мен бе, жалғыз кекілді?

Екеумізде не айырма? Екі қол мен екі аяққа – жалғыз бас, тәнімізді ойын, жанымызды ой сорған, Өзіміз де білмейміз: қайсысы –мұрат, қайсысы – арман. Тек қиял бар – құмай шалғызбас; күдік бар – түлкі алғызбас; Сосын, сосын өзгермейтін түсінік бар көні қатқан терідей.

Әй, түбі бар ғой, емексіткен сол қиял құм шекердей ерімей; елегзіткен сол күдіктен жерімей; түсініктер күйремей, көні қатқан терідей – сірә де ел болмаспыз!..

Talgat Eshen

Талғат ЕШЕНҰЛЫ.

(Facebook-тегі парақшасынан)

Қатысты Мақалалар