Қазақтың ең көп тараған руы - арғын. Қазақтардың ру бойынша бейресми санағының осындай мәліметі әлеуметтік желілерде жарияланған. Бұл мәліметтерге қарағанда, Орта жүздің өкілі - арғындардың саны 509 мың адам екен. Екінші орында - тағы да Орта жүздің өкілі - найман (395 мың адам). Үшінші орында Ұлы жүздің өкілі - дулат (334 мың).
Кіші жүздегі ұрпағы ең көп ру шөмекей (100 мың) болып шықса, Адайлар - 90 мың адам, Табындар - 80 мың болған. Tengrinews.kz сайтының жазуынша 1896-1911 жылы жүргізілген ауыл шаруашылығы санағы мәліметтері бойынша да Арғындардың саны 509 мың адам болған. Ол уақытта бұл ру өкілдері, негізінен, Көкшетау, Қарқаралы, Ақмола, Торғай, Атбасар, Петропавл, Омбы уездері мен Семей қаласында тұрған.
Мұхамеджан Тынышбаевтың мәліметінше, 1917 жылы арғындар қазақ рулары арасында саны (890 мың адам) жөнінен екінші орынды иеленген. Бірінші орында байұлы (1 030 мың адам), үшінші орында наймандар (830 мың адам) болған. Қазақстанда шілде айындағы статистика бойынша халықтың 11,2 миллионы қазақтар екені хабарланған болатын. Мәліметтер бойынша шетелдегі қазақтар саны 4,5 миллионнан астам адамды құрайды.
Қамшы-ақпарат