Елімізде ең төменгі өмір сүру деңгейі - 17 мың 439 теңгеге жетті. Дағдарыс жайлап, қымбатшылық шарықтаған уақытта бұл қаржыға бір ай қалай өмір сүруге болады?
"Мардымсыз ақшаға азық-түлік те келмейді" деп дабыл қаққан қоғам өкілдері, жаңа Үкіметке өз талаптарын қойып отыр. Олардың айтуынша, "бұл көрсеткіш кем дегенде 3 есе артық болуы тиіс". Серік Ахметов Үкімет басына келе салысымен, "осы жылы орташа жалақы 11,7 пайызға өсіп, 98 мың теңгеге жетті" дегені бар. Алайда, қазіргі ең төменгі өмір сүру көрсеткіші әр азаматқа шаққанда 17 мың 439 теңгеден келгендіктен, қоғам өкілдерінің Үкімет басшысына деген айтар назы басқа. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков "Шықпа жаным шықпамен" отыруға болады. Су ішіп, шай алмай, нан алып, ет жемей. Онда 17 мың теңге жетіп қалатын шығар", - дейді. Өткен жылы президенттіке үміткер атанған Жамбыл Ахметбеков, сол кезде ең төменгі күнкөріс деңгейі 200 мың теңгені құрауы тиіс деп, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқаны еді. Әлі де осы байламын берік ұстанған ол, "Еуропада халық қанша тұтынады, соны толық есептейді. Біз құзырлы минстрлікке сауал жібердік, тек қарастырып жатырмыз деген жауап қана келеді" дейді.
"Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова да біздегі ең төменгі өмір сүру көрсеткішіне күн көру мүмкін емес деген пікірде. Оның ойынша, бұл көрсеткішті ең кемінде үш есеге арттыру қажет.
Ол дамыған елдерде күнкөріс деңгейі көрсеткішінің 30 пайызы азық-түлікке, қалғаны өзге қажеттіліктерге жұмсалатынын алға тартады. "Біздің елімізде 60 пайызды құрайды. Бұл дұрыс емес" дейді қоғамдық қор өкілі. Енді санап көрелік. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлігінің бірі нанның орташа бағасы - 60, сүт - 225, май - 140 теңге тұрады. Барлығы 425 теңгені құрайды. Оны 30 күнге көбейтсек, 12750 теңгеге жетеді. Ал, коммуналдық төлем мен өзге де қажеттіліктерді айтпағанның өзінде, адамның үнемі аңсары ауып тұратын жеміс-жидекті түсіңізде көресіз. Үкімет белгілеген межемен әлеуметтің тұрмыс деңгейі сәйкес келмесе, қазіргі билікке үлкен сын дейді қоғам өкілдері.
Дереккөз: 31..kz
Пікір қалдыру