Ядролық қару және оның түрлі құрамдас бөліктері Қазақстан территориясына кіргізілмейді. Елімізде осыған қатысты қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Tengrinews.kz сайтының жазуынша, бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеген.

"Елімізде қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан жүйе біздің бақылауымызсыз республика территориясына радиоактивті материалдардың кіргізілуіне жол бермейді", - делінген Комитеттің ресми хабарламасында. Мұндай хабарлама жасауға ТМД-дағы антитеррористік орталықтың басшысы Андрей Новиковтың мәлімдемесі себеп болған. Ол Қазақстан арқылы ядролық қарудың тасымалдану қаупі бар екенін айтқан еді. "Террористік топ ТМД еллдерінің территориясын, соның ішіндегі Қазақстанды ядролық қаруды тарату үшін пайдалануы мүмкін деген қауіп бар" - деген болатын ол. ҰҚК ТМД-дағы Антитеррористік орталық басшысының ядролық қарулардың біздің еліміз арқылы тасымалдануы мүмкін деген қауіппен айтылған сөзін қауіпсіздік шараларын алдын алуға негізделген дейді. "Яғни террористік топ мүшелері Белоруссия, Ресей арқылы ядролық қару тасымалдаған жағдайда Қазақстанда террористік акт жасаудың алдын алу үшін оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген. Оқу-жаттығу жұмыстары барысында ТМД елдерінің мемлекеттік органдарының әрекет ету алгоритмдері талқыланды" - делінген. Терроризмді зерттеу халықаралық ассоциациясының мүшесі Татьяна Дронзинаның айтуынша Қазақстанда террористік желілер бар, бірақ олар әзірге белсенді емес. Сондықтан сарапшының ойынша Қазақстанда ядролық қаруды жасауға қолданылатын ядролық материалдарды есептеп, бақылауды күшейту керек.
Қамшы-ақпарат