Ресей президенті Владимир Путин украиналық әріптесі Петр Порошенкомен әңгімелескен кезінде өз армиясы екі күн ішінде Киевті ғана емес, Еуропаның басқа да қалаларын басып алатынын айтқан. Бұл туралы 18 қыркүйек күні немістің Süddeutsche Zeitung басылымы Порошенко мен Еуроодақ басшыларының әңгімесі жазылған жазбаны негізге алып хабарлаған.
Еуропалық сыртқы саясат қызметі келіссөздерінің хаттамасына қарағанда, Украина президенті бұл туралы Еуропалық комиссия төрағасы Жозе Мануэл Баррозуға өткен жұма күні оның Киевке сапары барысында айтқан. Порошенконың айтуынша, Путин оған сөзбе-сөз: "Егер мен қаласам, ресейлік жасақтар екі күн ішінде Киевті ғана емес, Риганы, Вильнюсті, Таллинді, Варшава мен Бухаресті де басып алар еді", - деген.
Tengrinews.kz-тің жазуынша, Порошенко Путиннің сөзін Кремль басшысының Еуроодақтың Ресеймен көршілес елдерге ықпалына эмоциялық тұрғыдан қаншалықты қарсы тұра алатынын көрсету үшін келтіріп отыр.
Бұған дейін Еуропада Жозе Мануэл Баррозу мен Владимир Путиннің телефон арқылы әңгімелескені көпшілікті елең еткізген еді. Путин ол кезде: "Мен қаласам, Киевті екі апта ішінде алар едім" деген-міс. Тамыз айының соңында Баррозу бұл әңгіменің мазмұнын Еуропа елдері жетекшілері мен олардың үкімет басшыларына жария етті. Кремль Баррозуды жеке әңгімені көпшілікке жария қылды деп айыптады.
Қамшы-ақпарат