Ардақ Ошанұлы өлеңдері

/uploads/thumbnail/20170708154408592_small.jpg

Таныс бала

 

Қарғам-ау, сенбе едің бұл таныс бала, 

Сен енді, таныс бала алыстама .

Мен сені таныдым ғой, танып тұрмын,

Сен мені таныдың ба, анық қара.

 

Таныс қой қылығың да, бұрымың да,

Таныс-ау белдерің де, иығың да.

Баяғы күлкің ғана көрінбейді,

Ұялап тұратұғын миығыңда.

 

Түскенде қыз қуардың жорығына,

Қамшыңды батыратын жонымызға.

Жылтыр қара машина мініпп апсың,

Баяғы қара кердің орынына.

 

Боз бала аз емес-ті саған ерген,

Сонда бағым озып ед(і) тамам елден,

Қара керді сыпырып отқа қойып,

Қолтықтасып асушы ек ана белден.

 

Жаман ағаң араққа қызып алған,

(Байиды деп бұл күнде қызы бар жан)

Сені алысқа зорлықпен ұзатты да,

Қара керді соғымға жығып алған.

 

Содан кейін бұл жаққа кеттің келмей,

Менде талай сағыныш кештім көлдей.

Көпке дейін елеңдеп жүретінмін,

Қара кердің дүбыры естілгендей.

 

Сені солай алысқа аттандырдым,

(Бағың жансын әліде мақпал құрбым)

Сезіп тұрмын елесі өткен күннің,

Көз алдыңда шұбырып жатқандығын.

 

Самарқанның сағынышы

 

Алматы. Көктем алғашқы,

Оралды құстар наз айтып .

Ақ жауын күнде жалғасты,

Жер әлемді кіл тазартып.

 

Тірлікке толған балағы,

Мұнартып жатыр тау басы.

Абырда-сабыр баяғы,

ҚазҰУ-дың кең ауласы.

 

Қиялмен әлем кезген боп,

Сабақты оқып жарытпай.

Мен жүрмін әйтеу мең-зең боп,

Басына ұрған балықтай.

 

Ұсынсам қолым жетпейтін,

Жер менен көктей арамыз.

Есімнен бір сәт кетпейсің,

Алыста қалған бала қыз.

 

Сездіріп сырын сүйгеннің,

Кетіп ең салып санамыз.

Маған мың батпан мұң болдың,

Бармақтай ғана бала қыз.

 

Өзіңнен басқа ұқпайды ел,

Қызыққа толы кештері.

Мен алғаш бақыт құшқан жер,

Ауылдың орта мектебі.

 

Күн еді-ау ол бір мәнді өткен,

Билеген, күлген, әндеткен.

Біріне-бірі сай келген,

Балапан сезім бал көктем.

 

Жүректің отын жандырған,

Сезімнің сырын қалқып ап.

Тұрушы ең тосып алдымнан,

Жанарың күндей жарқырап.

 

Толқытқан сезім кеудені,

Сол күндер қандай еңселі.

Тұғырым деуші ең сен мені,

Тұнығым деуші ем мен сені.

 

Өтіпті-ау өмір маңызды,

Көңілге күн де гүл егіп.

Атызда жүріп аңызға,

Айналған ғашық біз едік.

 

Сені де қайғы меңдетіп,

Бір жерден шықпай ойымыз.

Алматы жаққа мен кетіп,

Тарқаған солай тойымыз.

 

Ержеткен ортаң өзіңнің,

Барлығы бар ғой осы елде.

Алдында жүр деп көзімнің,

Қоймады әкең кетерде.

 

Мен кеттім кеудем бос қалды,

Сен қалдың маған жаутаңдап.

Уақыт біздің жоспарды,

Талқандап кетті, талқандап.

 

Періштем бе дің сен менің,

Төбемнен құдай түсірген.

Мұң толы қара көздерің,

Шықпай-ақ қойды түсімнен.

 

Жаяуласам да жетермін,

Ғашыққа қашан жер алыс.

Жынданып кетер ме екенмін,

Келгенше жаздық демалыс.

 

Хаттарым менің алып ұш,

Жүрекке атқан жебедей.

Санаға тұнған сағыныш,

Телегей еді телегей.

 

Кім болжап білген өмірді,

Уақыт айтар билігін.

Көктемің өтсін көңілді,

Көзімнен ұшқан бұлбұлым.

 

Арман қыз

 

Арман қыз қайда кеттің адастырып,

Мен жүрмін бақсыларға бал аштырып.

Іздедім интернеттің илеуінен,

Кафесінде интернет таң атқызып.

 

Сені іздеп далаға ұштым, қалаға ұштым,

Іздедім бағдарынан бар ағыстың.

Іздедім тамшысынан жаз жауынның,

Іздедім ызғарынан қара қыстың.

 

Мен сенем әйтеу сені табарыма,

Қараймын, бар арнаның хабарына.

Шырайлым өзіңді іздеп тапқанымша,

Шыдаймын, шырылдатқан талай мұңға.

 

Сені іздеп айды аунаттым, жылды аунаттым,

Шар басыма телегей мұң қайнаттым.

Көктем сайын жинадым саған арнап,

Ең әдемі гүлдерін қызғалдақтың.

 

Таусылмас сағыныштан енші алдырған,

Сұрауды білмесем де қай тағдырдан.

Мен сенем әйтеу маған бір күндері,

Кезігіп қаларыңа қарсы алдымнан.

 

***                       ***                         ***

 

Көңілді айланып жүр шағала мұң,

Несіне қарғам мені ағаладың?

Көзіңмен күлімдеген алдай бермей,

Біздің де сырдың бойын жағалағын.

 

Мен саған олай қарап бұлай қарап,

Жүрмін-ау көзімменен құр аймалап.

Сен мені түсінетін сияқтысың,

Өзіңсіз көңілімді кім ауламақ.

 

Қай тағдыр мені саған еліктірген,

Қасыңа барғым келер желіп бірден.

Жексұрын, жер жастанғыр жалғыздықтан.

Қарағым шыныменен зеріктім мен.

 

Сағынып, сарғайысып көрісетін,

Шарабын шаттығыңның бөле ішетін.

Тірі адамға, бір адам керек екен,

Қайғы мен қуанышын бөлісетін.

 

Мен сені асылым деп бағаладым,

Жаманға жан ағаңды баламағын.

Кел менің дауысыма дауысың қос,

Жастықтың жалғыз соқпай барабанын.

 

***                        ***                             ***

 

Сағындың ба дедің ау жаным маған,

Ғашық - ғашық болама сағынбаған.

Саған деген тәп-тәтті сағыныштың,

Күнім барма көрпесін жамылмаған.

 

Назарымның өзіңе бұрып бәрін,

Сағынтты ғой наздарың, қылықтарың.

Сұмбыл қара шашыңның әрбір талын,

Ұмытпадым қарағым, ұмытпадым.

 

Күнді өткеріп сағынып, түнді өткеріп,

Қиял шіркін жатты ғой, түйдектеліп.

Саған ұша жаздаймын кей шақтарда,

Әнді теңдеп, жаныма жыр бөктеріп.

 

Ақтарылып алдынан ақ тілегі,

Сағынышың  әлдилеп жатты мені.

Қарғам менің, сағыныш сияқты ғой,

Махаббаттың теңдессіз татты жері.

 

***                       ***                            ***

 

Егер мені рас болса сүйгенің,

Сағынып жүр кездессек те күнде мың.

Мен қуансам таңым күліп атқанда,

Менен бұрын ат бөрікіңді аспанға.

 

Мен жыласам, сенде жылап ішіңнен,

Сүрт жасымды өзің берген шытыңмен.

Мен жол таппай қараңғыда кідірсем,

Жүрегіңді алау қылып жүгір сен.

 

Қайғы болып қар боратса қыс маған,

Көктем болып гүліңді алып ұш маған.

Біреу мені тастаса отқа итеріп, 

Өзің құтқар қанатыңмен су сеуіп.

 

Таба алмасам шабытымды маздаған,

Жырым болып орал маған жазбаған.

Көрінбесем жетем деген көмбеден,

Сүйген болсаң үміт үзбе сен менен.

Асар болсам, асудан жан аспаған,

Тілегіңді шашу етіп шаш маған.

Сонда ғана мен іздеген жар сенсің.

 

Дайындаған: Ерлан Төлеубай

Қатысты Мақалалар