Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СҚО әкімі Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдерін қалыптасқан су тасқыны жайлы хабардар еті деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Облыс әкімі өңірдегі су тасқыны жағдайын жеке бақылауына алып, сол жайлы журналистерді күн сайын ақпараттандырып отыруға уәде бергенін еске саламыз.
Тілшілердің сауалдарына жауап бере келіп, өңір басшысы су тасқыны маусымы аяқталғаннан кейін елді мекендерді су басуының себебін зерттеу бойынша сараптама жасалатындығын тілге тиек етті.
«Біз осы жұмысты қолға алып, әрбір жағдайға сараптама жасағалы отырмыз. Олардың әрқайсысына баға берілетін болады, оның ішінде заң жүзінде де. Өзінің қызметтік міндеті жағдайында осыған жол берген адамдарға жаза қолданылатын болады, ол үшін әрбір жағдай мұқият зерттеледі және сарапталады»,- деді Құмар Ақсақалов.
Өңір басшысы жолдарды су шайып кетпеуі және бұзбауы үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқандығын атап айтты. Рузаевка ауылы маңындағы республикалық маңыздағы «Астана-Петропавл» автожолының жиегіне балшық үйілуде
«Петропавл маңындағы жолдарда кеше.болдым, «Өзен порты» аумағындағы 2,5 шақырымдай жол биіктетілуде. «Былғары зауыты» кентіндегі 2 қабатты үйлердің ескі бөгеттер орналасқан ойпаң жерлеріне аталмыш елді мекенді су тасқынынан қорғау үшін биіктету жұмыстары жүргізілуде»,- деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі осы учаскедегі жұмыс Ойқаланың 5280, Былғары зауытының 3724 тұрғынын су тасқынынан қорғау үшін жасалып жатқанын атап айтты. Сонымен бірге Заречныйдағы саяжай учаскелерін су басады деп күтілуде.
Петропавлда осы аудандардың тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру және су тасқыны кезінде тұрулары үшін №12,№13,№14 мектептерде жайлы орындар әзірленуде. Олар төсек-орынмен, қажетті азық-түлікпен, медициналық қызметпен қамтамасыз етілген. Бұдан басқа, тізім жасалып, барлық қарт адамдар, жүкті әйелдер, мүгедектер, 1 жасқа дейінгі балалар бақылауға алынған. Сорғы станциясын қорғау мақсатында бірінші көтеру станциясы бекітілді.
«Өтірік ақпарат таратқан адамдарды да тапқанымызды айта кеткім келеді. Қазір қылмыстық тергеу жүргізілуде. Мұндай әрекет қылмыстық жазаға тартылуға жататындығын тағы да ескерте кеткім келеді. Кеше айтқанымдай, қажетті таза су қоры бізде жеткілікті. Керек болған жағдайда бізде 70 су таситын машина әзір тұр. Қажет болған жағдайда олардың қаланың қай ауданына бару тетігін жасайтын боламыз",- деді өңір басшысы.
Қазіргі уақытта Петропавл қаласында таза ауыз су қоры 16 мың текше метрді, ал шикі су 11 мың текше метрді құрайтындығын айта кеткен жөн.