2017 жылы 21 сәуірде Қазақконцерт залында тұңғыш рет Табылды Досымовтың әндерінің желісі бойынша «Махаббат аллеясы» атты спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Қойылым барысында Табылды Досымовтың 14-тен астам әндері жанды дауыста орындалды. Әртүрлі тағдырлардың бастан кешкен махаббат хикаялары суреттелді.
Соның біріне тоқталып кетсек. Ақтөбелік Айнұр Сүлейменова мен тараздық Болат Кәрентаев «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Кардиф университетінде бірге оқыған. 2005 жылдың 23 желтоқсанында елге бет алған қос ғашық Ақтөбеге Баку арқылы ұшатын әуе кемесіне отырады. Ондағы мақсаттары Жаңа жыл қарсаңында ата-аналарының рұқсатын алып, шаңырақ құру еді, алайда аспанға көтерілген ұшақ бірер сәттен соң отқа оранып, Каспий теңізінің арғы жағалауында апатқа ұшырайды. Сүңгуірлер теңізден марқұмдардың денелерін алып шыққанда таңданыстарын жасыра алмады, себебі өмірлерінің соңғы сәтін сезген Болат пен Айнұр о дүниеге аттанса да бір-бірінен ажырап қалмас үшін құшақтасып, өздерін орындық белбеуімен байлап тастаған екен. Құтқарушылар қос мұңлықтың мүрделерін тапқан сәтте де олардың құшақтасқан бойы көз жұмғандары белгілі болды.
Айнұр мен Болаттың қазасына бүкіл ел қайғырды. Талапты, қажырлы екі жас бүкіл қазақ қауымы үшін үлкен үміт символына айналды. Пәк сезімнің символына айналған қос мұңлық Айнұр мен Болаттың есімдерін есте қалдыру жолында көп істер қолға алынды. Солардың бірі, 2007 жылы Таразда олардың атымен «Ғашықтар аллеясы» ашылып, осы аллеяда «Махаббат символы» монументі бой көтерді. Мүсінші – К.Кәкімов.
Міне, жастарға үміт отын сыйлаған Айнұр мен Болаттың жүректерде мәңгі сақталып қалған хикаясы спектакль қоюшылардың басты тақырыптарына айналды. Махаббат – мәңгілік тақырып адамның тұла бойын әп сәтте жаулап алатын ұлы сезім. Махаббат дәмін сезген адам – жүрегі шынайы соғып тұрған адам. Табылды Досымовтың әндері сондай ұлы сезімнің құдіретін әрбір жанға сездіре алады, көңілді баурап алады.
Бұдан бөлек, қоғамда проблемаға айналған оқиғаларды арқау етіп, әнмен байланыстырған жастар көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
Кешке Табылды Досымовтың жанұясы, ұлы Абыл Табылдыұлы келіп, әкесінің өнері әлі де дәріптеліп жатқанына қуанып, жастарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, көз көрген дос-жарандары мен әнші ағайындар келіп, театр жастарының өнерлері өрге жүзсін деп ақ жарма тілектерін айтты.
Спектакльді қобшы «Алматы-Music» театры. Театр жетекшісі, режиссері Т. Омаров. Музыкалық жетекші – А. Айдынұлы.