Халық композиторларының әндері кітапқа басылды

/uploads/thumbnail/20170710034407889_small.jpg

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  "Дәстүрлі музыкалық өнер"  кафедрасы ел мәдениетіне сүбелі олжа қосты. Халық композиторларының әндері нотоға түсіріліп, кітапқа енгізілді.

Өнер академиясының оқытушысы, музыка зерттеушісі, әнші Ш.Даржанова Жетісу әншілік мектебінің негізін қалаған халық композиторларының  әндерінің мәтіндік нұсқасын жүйелеп, нотасын домбыра аспабына лайықтап түсіріпті.

Ән жинақ кәсіби әншілер үшін де, жыршы, термешілерге де, музыка зерттеушілеріне де, жоғарғы оқу орны мен арнайы музыкалық мектепте оқитын жас өнерпаздарға да таптырмас оқу құралы болады енді.

Жетісудың жыршылық, әншілік мектебі дегенде Қабан жырау, Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Бақтыбай, Сарыбас, Бармақ, Кенен, Үмбетәлі, Қалқа,  Дәнеш сияқты өнер саңлақтарының өшпес өнер туындылары еске түседі. Бұл толқыннан кейінгі шоғыр,  өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы нәубет пен зобалаңда асыра сілтеудің, қуғындаудың құрбаны болған арыстар, "халық жауы" атанған   Сәдіқожа, Пішән, Көдек, Қапез, Рыскелділер де қапияда қаза тапса да, артына мол мұра қалдырып кетті.

Халық композиторлары атанған елдің сүйікті әнші, жыршыларының артындағы мол мұрасы толықтай зерттеліп, хатталып, бір ізге түсіріліп біткен жоқ. Зерттейтін, зерделейтін жұмыс әлі де көп.

Аласапыран заманда қуғынға түсіп, атылып, итжеккенге айдалған арыстардың ел ішінде, халық арасында жатқан туындылары әлі де бар. Тек ынта танытып, індете іздейтін зерттеушісі болса, қазақтың ән өнеріне әлі де мол олжа қосылары анық.

Басқаны айтпағанның өзінде екі ғасырдың куәсі болған тоқсан жастан асып өмірден өткен Кенен Әзірбайұлының мұрасы толыққанды зерттеліп, зерделенген жоқ.  Мақала, эссе, естеліктер жазылды, жазылып та жатыр, Айгүл Жақсылыққызы диссертацияслық жұмыс жазды. Бірақ бұл Кенен Әзірбайұлының мұрасы толық зерттеліп бітті дегенге жауап емес.

Осы олқылықтың орны аз да болса бүтінделіп, "Алатау әуендері" деген атпен шыққан кітапқа Кенен Әзірбайұлының  «Анам-ай», «Көктем мерекесі», «Жеңіс тойы», «Өтеді-ау өмір» секілді бұрын ешқандай ән жинаққа нотасымен енгізілмеген әндері жарияланыпты.  Кітапқа Үмбетәлі Кәрібайұлының  "Арпа-бидай", Пішән Жәлмендеұлының "Дүние, шіркін" секілді бұрын нотаға түспеген туындылары енгізіліпті. Қапез Байғабылұлының да айтылмай келген әндері нотаға түсіріліп, көпшілікке ұсынылды.

"Саясында алманың"  деп аталатын кітапқа Қазақстанның Халық артисі, әнші, композитор Дәнеш Рақышевтің орындауындағы әндер топтастырылған. Ән жинақты Дәнештің төл шәкірттерінің бірі, дәнештанушы әнші, ұстаз Нұржан Жанпейіс пен музыка зерттеушісі Мұрат Әбуғазы  құрастырыпты.

Дәнеш Рақышевтің репертуарында   халық әндері, халық композиторларының туындыларынан бөлек, өзінің төл әндері де болған. Өнер зерттеушілері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының "Дәстүрлі музыкалық өнер" кафедрасының доценттері Дәнештің өзінің әндерін де нотаға түсіріп, жинаққа енгізіпті.      

Қазақ мәдениеті мен руханиятына қосылған қос кітаптың жарық көруіне "Кенен Әзірбайұлы атындағы қордың" төрағасы, белгілі кәсіпкері Мұхит Әзірбаев демеушілік жасапты. Атымтай-жомарт азаматтың демеушілігімен жарық көрген кітаптың жүлгесі үзілмей, келешекте де жалғасын табарына көпшілік сенімді.

Екі кітаптың тұсаукесері Жамбыл атындағы филармонияда өтті. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова мен Кенен Әзірбайұлының қызы Төрткен Кененқызы кітаптардың тұсаукесерін жасады. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Өнер академиясының "Ән-күй керуені" атты музыкалық кешіне ұласып,  Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейіс, Бағлан Бәбіжан, Талғат Мұқышев, Мақсат Медеубек секілді өнерпаздар көпшілікті өнерімен баураса, академия студенттерінің ансамблі мен әнші,күйшілері ұлттық өнерге сусаған тыңдарманға тамаша туындыларын тарту етті.

Н.Көшімбай.

   

 

 

 

 

 

   

 

 

 

Қатысты Мақалалар