Хасан Оралтайдың өнегелі ғұмыры

/uploads/thumbnail/20170710042133656_small.jpg

Қазақтың  айтулы алашыл азаматы Хасан Оралтай әкем Әдимен немере туыс. Үлкен атамыз Райымбектен үш ұл: Әділбек , Қалибек, Ілияс  туса, Әділбектен Ғалия апа, Қалибектен Хасан ата, Ілиястан менің әкем тарайды.

Хасан Оралтай атам туралы сөз болғанда оның ғибратты өмірі мен қажымас күреске толы сәттері еріксіз ойға оралады. Бар ғұмырын ұлт азаттығына, еркіндігіне арнап қызмет жасаған оны азаматтық парызының бірі деп бағалаған өр тұлғалы ата бейнесі мәңгі жадымызда.

Хасан атамыз бізден алыста ғұмыр кешті. Біз сол туған жер Шығыс Түркістанда туып-өсіп, қазақ еліне келгелі ондаған жылдың жүзі болды. Хасан атаны «қажы ата» деуші едік. Ес біле бастаған шағымда таңғы аспен бірге әкем радионың жанында отырып: «...Қазір Қажы аталарың сөйлейді», - деп тыныштыққа шақыратыны әлі есімде. Азаттық радиосының бір сағаттық бағдарламасын ыждағаттылықпен тыңдау барысында, үн таспаға көшіруге асығатын әкем оны кейінен Қажы атама табыстағанда ерекше қуанғаны көз алдымда.

Туған жерге деген құрметі мен туған-туыстарға деген ол кісінің сүйіспеншілік сезімін айтып жеткізуге болмас ерекше қасиет еді. Хат-хабар алыса бастаған жылдардан кейін сағынышқа толы амандық хаттарын жазып үнемі дұға-тілекте екенін айтып тұратын. Десе де, жат ел, жат жұртта жүріп туысқа деген ыстық ықылас пен қимастық сезімдері сол хаттарында анық байқалатын. «Елім-айлап өткен өмір» кітабында: «..Туған ел, туған жер естен кетпеді. Шетелдік баспасөз беттерінде, радио теледидар хабарларында алтын бесік ата жұртымыз жөнінен бір хабар көзге ілініп құлаққа шалынса, ерекше елеңдеп, «Әттең! Тым болмаса еркін хабарласып тұратын бір жағдай болса?!.» - деп зарықтық. Сол арманға 1976 жылдан кейін сәл жеткендей болдық»,- деп тұжырымдауының өзі туған елге деген шексіз сүйіспеншілігін айқын аңғартады.

Қажы атамның Алматыға келкен сапарларында әкемнің кенже інісі Әбілбашар ағаның үйінде барлық туысқандар жиналып, арқа-жарқа сыр шертуші еді. Үлкенді-кішілі болып барлығымыз атамның жанында болатынбыз. Қажы атаны көріп, амандасуға келетін қонақтардың аяғы үзілмейтін. Жалпы туыс-туғанға деген махаббаты мен иісі қазаққа деген алып ұшқан жүрекжарды жылы лебіздері мен рух беріп қанаттандырар  нақыл сөздерін ағынан ақтарыла,  жақындармен бас қосып дидарласқан сәттерінде айтып отыратын. Бірде маған: «Қызым, сен Мағжанды, Міржақып шығармаларын білесің бе? Өлеңдерін жаттадың ба? Мағжан мен Міржақыпты жатқа білмеген қазақ-қазақ емес!» - деп қатқыл үн қатқаны бар. Сасқанымнан «...Иә, білемін. Мектепте жаттадық», - деп, «Мен жастарға сенемін» өлеңінің бір-екі шумағын айтып бергендей болдым. Сонда атам: «Иә, қызым, өр рухты, жігерге толы күш берер Мағжан өлеңдерін түгелімен жаттап ал. Өз ұлтын, халқын, жалпы түркілер тарихынан сыр шертер Алаш ақынының шығармаларын барлықтарың білгендерің нұр үстіне нұр болар еді», - деп толғана отырып, ақыл- кеңесін айтты. Әр адамның отаны мен ұлты үшін пайдалы істермен шұғылдануы ең қасиетті міндеті болу керек деген өз ұстанымын үнемі тілге тиек ететін.

Атам алашшыл біртуар алып ақын Мағжан Жұмабайұлына деген шексіз құрметі, қазақи қандағы ұлттық болмысына сүйсінуі рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. 1965 жылы Измирде түрік тіліндегі «Бүйік түрікші Мағжан Жұмабайұлы» деген еңбегін  жазып жарққа шығарады. Онда Түркия түріктерінің Түрікшіл тобының Мағжан және оның еңбектерін жұртшылыққа таныту керектігі жөніндегі ой пікірлердің түрткі болуына байланысты, тұлғаның өскелең рухты образы мен шығармашылығы жайлы көптеген зерттеулер жүргізіп, үлкен еңбек жазды. «Елім-айлап өткен өмір» кітабында: «Хамза Шөмішбайұлы Ұшардың үйінен табылған шағын қолжазба өлеңдерге және басқа бірқатар бұлақтарға сүйене отырып, Мағжан Жұмабайұлын Түркия жұртшылығына таныстыруға тырыстым. Соған орай Мағжанның: «От», «Жер жүзіне», «Жер жүзін топан басса екен», «Алдамшы өмір», «Есіне кім алады», «Тілегім», «жауға түскен жанға», «Түркістан», «Алыстағы бауырыма» деген толғауларын түрікше түсініктерімен кітапқа енгіздім», - деп жазады. Бұл аталып отырған еңбек сол кездердегі шет елдерде Мағжан туралы жарық көрген тұңғыш кітап болатын. 1923 жылдан бастап 1989 жылға дейінгі шыққан әлемдік алғашқы зерттеулер болды.

Әсіресе, «Бүйік түркелі» журналының құрылуына атсалысып жетекшілік еткен қажы атамның үлесін айырықша атауға болады. Сол журналдың соңғы санында «Бүйік түрікшіл Түркістан шайыры Мағжан Жұмабай» туралы жалпы түсінік беріп «Жауынгердің жыры» атты толғауын түрікше түсінігімен келтіреді. «Алыста жүріп, үмітсіз күндерімде, жалғыз жүріп арпалысқанда маған рухани күш берген ұлы ақының жырлары»,- деп өз ойымен бөлісетін. Сонымен қатар, 1984 жылы жарық көрген «Қазақ-Түркі сөздігі» кітабы да қазақ тіл білімі саласында ерекше орын алды.  

Иә, атам сол «Алаш» деп ұрандаған ұлы тұлғалардың көтерген жалауын жалғастырушы ізбасары ретінде қайталанбас қажырлы еңбек жасады. Ұлттық үн, ұлттық болмыс, ұлттық мінезімен қайталанбас тұлға  Мұстафа Шоқай рухымен де тілектес, ниеттес бола отырып, асқақ мұратты, асыл мақсатты ұлтшылдық идеяны өмір жолында биік ұстанды.

Шоқайтанушы ретінде 1996 жылдан бастап Алматыда «Мұстафа Шоқай» атындағы қор құрып «Жас Түркістан» журналын шығаруға басшылық жасайды. Мұстафа Шоқай идеясын насихаттау, оны заман талабына сай жетілдіру, жас ұрпаққа түсіндіру жалпы алаш идеясын дамытуды ұлт келешегі мен мүддесіне құрылған азаматтық борышы деп санады. Бір сұхбатында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат, Мұстафа Шоқай жетекшілік жасаған алаш ардагерлерінің тәуелсіз ел жолында жанын пида еткен зиялы қауымның саналы ғұмырын ұрпақтар санасына сіңіру, халқының келешегін ойлаған әр қазақ азаматы үшін «Ұлттық ғибадат – басты парыз» , - деп атап көрсеткен еді.      

Шетелде жүріп, «қазақ, қазақ түркілері» деген тақырып көтерген тұңғыш қазақ атануы да тегін емес. Қазақтың атын орыс казак-казашилармен шатастырып, теріс ұғып келген Түркияда алғаш рет 1955 жылдан бастап баспасөзде қазақ атымен мақала жазып, оны 1956 жылы Лондонда ағылшын тілінде қазақ атымен шыққан кітапқа үлес қосуы қайсар мінезді қажымас-қайраттың алғашқы қадамдары болса керек.  Бойдағы ерік-жігерімен көптеген кедергілерге қарамастан халқына ерен еңбек сіңірді. 1971 жылы Мюньхен қаласында «Абылайхан дастаны» мен басталған «Бүйік түркелі басылымдары» тізбегінің II кітабы етіп, «Алаш Түркістан түркілерінің ұлт-азаттық ұраны» деген кітапты 1973 жылы Ыстамбұлда бастырып шығарады. Сол кітап шыққаннан кейін де бір қатар мәліметтерді жинақтап ағылшын тілінде 1985 жылы Англияда «Central Asian survey» журналына көлемді мақала етіп жариялайды. Өмірлік мұрат-мақсаты айқын, ұлттық мүддені ең жоғары деңгейге қоятын қазақи қандағы өр рухты қасиет әр қашан да өн бойынан табылып отырды.

Саяси қайраткер ретінде желтоқсан шындығын әлемге жариялап, желтоқсан қасреті туралы тұңғыш кітап жазған атамның елеулі еңбегін зор мақтанышпен айтуға болады. Ұлт басына төнген қауып-қатер мен мұң-мұқтажды жан айғаймен кітап бетіне түсіріп, оны радиода дүние-жүзіне пәш етуі үлкен ерліктің символы.

Хасан атам 28 жылдан астам уақыт табандылықпен, «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінде қажырлы еңбек етті. Әр сәт-сағатын ұлттық мәселеге, ұлтының өткен тарихы мен келешек ұрпақ қамын жеген ұлт жанашыры, жаршысы ретінде артына өшпес із қалдырған тағылымы ұрпақтар жадында мәңгі жағыра бермек! 

 

Бәтиза ӘДИ, өнертанушы, Ә. Қастеев мұрасын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері

 

Қатысты Мақалалар