Қамшы ақпараттық агенттігі табиғи болмысын сол қалпында қабылдайтын әйелдердің оқиғаларын оқырман назарына ұсынады. Өмірде неше түрлі қызық бар. Өмірде неше түрлі адам бар. Мұнымен біз кейіпкерлерден үлгі алыңыз деген ой салғымыз келмейді. Тек әр әйелдің өзін бақытты, өзін еркін сезінгені біздіңше маңызды.

Морган Микинес бүгінде ғаламторда аса танымал тұлға. Ол әйел адам аяқ-қолдағы жүнді алмауы керек деген идеяны насихаттап жүргендердің біір әрі бірегейі. Оның ойынша әйел адамзаты жүнсіз болсын, жүнмен болсын әдемі. Жүндерімді алып тастасам, әдемірек көрінемін деп ойлайтын қыз-келіншектер уақыттары мен ақшаларын бекерден-бекер желге ұшыруда дейді Морган. Басында ол өз-өзіне қарайтын, сол үшін қыруар ақша жұмсайтын кәдімгі қаланың қызы болған. Алайда күндердің бір күні бәрін өзгертемін деп шешім қабылдап, спортпен айналысып, дұрыс тамақтанып, жаңа өмір бастаймын деп өз-өзіне уәде берген екен.

Морганның айтуынша, адамның денесіндегі жүндер бекер емес. «Адам басындағы шашын қырып алып тастамайды ғой, жүндерді алу бізден пайда көріп отырған сұлулық индустрияға ғана керек» дейді ол. Морган бақытты, жігітімен бүгінгі күні Гавайи штатында өмір сүріп жатыр.

Элиске кезек беретін болсақ, ол жүнді алу барысында денесі қатты қызарып кететіндігін айтты. «Әйел адамы жыл сайын аяқ-қолдағы жүнді алуға өмірінің 72 сағатын арнайды екен, ол 72 сағатты саяхатқа немесе достармен көңіл көтеруге арнасам болады ғой» деп ағынан жарылды Элис. Оның видеороликтері орташа есеппен 3 миллион көрілім жинайды екен. Элис қыздарға өздерінің ішкі дауысына құлақ асуға кеңес береді.

Емшектегі баласы бар Софи Джо да аяқ-қолдағы жүнді алмауды дұрыс деп санайды. Оның ойынша, бүгінгі қоғам әйел адамдарына көп қысым көрсетеді. Ол сонымен қатар әтірден, дезодаранттан бас тартқан. Баласын жұрттың көзінше ұялмай-қысылмай емшекпен емізуді де өз принципіне айналдырған әйел.

17 жастағы Лалони қатардағы жасөспірім емес. Ол твиттердегі жазбаларымен танымал. Оның әр жазбаы 19000 лайк жинап, 7000 рет бөлісіледі екен. Мұндай танымалдылықтың сыры – аяқ-қолдағы жүнді алмауында. Біреулер оған таңдай қақса, енді бірі жақтырмай жатады. Бірақ Лалони оған бас қатырмайды. Ол өзін, өзінің денесін, табиғи болмысын сол қалпында қабылдайтынымен мақтанады.