Сулейман Демирель университетінде тарих ғылымының докторы Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев өз баяндамасында Отан тарихының қазіргі мәселелері туралы айтқан. Баяндамада профессор былай дейді:
"Алаш қозғалысына байланысты мысал ретінде Кеңес үкіметінің XX ғасыр басындағы қазақ ұлт азаттық қозғалысына жасаған қиянатын айтар едім. Біріншіден, кеңес үкіметі өзін Қазақстандағы заңды билік иесі ретінде жариялап, орнықтырды. Шын мәнінде оның саяси заңдық негізі күмәнді болатын. Менің түсінігім бойынша, Кеңес үкіметінің заңдық негізі жоқ болатын. Кеңестік тарихнама бұл мәселені біржола жауып тастады. Осы ретте мынадай жағдайды ескерген жөн. Кеңес үкіметінің алдындағы патшалық билікті де заңды үкімет ретінде қабылдау біздің санамызға әбден сіңіп қалған. Ал патша үкіметінің қазақтарда заңдық негізі жоқ болатын. Бір жағында Анна Ионновна, екінші жағында қазақ ат төбеліндей қазақ билеушілері тұрды. Солар келісімшартта бармағын басты. Біз патша үкіметін қабылдаймыз деп, ешкім референдум жасап, қазақ халқы дауыс берген жоқ. менің түсінігім бойынша патшалық биліксырттан келген акупациялық билік болды".
Мәмбет Қойгелдиевтің айтқан сөзіне саясаттанушы, Расул Жұмалы пікір білдірді.
- Саясаттанушы ретінде Мәмбет мырзаның айтқанымен келісесіз бе?
- Келісемін. Себебі, XVII – XVIII ғасырдан бері Түркістанға, Орталық Азияға қатысты Ресей империясының отарлау, бодандау саясатын жүргізгендігі сөз болып отыр. Біздің бүгінгі сараптамалық, білім беру орталарында ресейлік пікір қалыптасқан. Әрине, шын мәнісінде ол тарихи шындыққа жанаспайды.
-Қоғамда осы мәселеге қатысты қандай пікір қалыптасқан?
- Біздің жиі еститін стереотиптердің ішінде, бұл қазақ жүздерінің, қазақ руларының Ресейге өз еркімен қосылуы. Яғни, бұл жекелеген хандардың, сұлтандардың сол кездегі бастамасы болды. Бірақ бұл толықтай қазақ халқының, бүкіл қазақ зиялыларының таңдауы болды деп айту қиын. Өз еркімен деген жағдай бұл өте шартты түрде орындалған дүние. Себебі, іс жүзінде көбіне күшпен басып алу, бағындыру саясаты жүрді. Біріншіден, бодандық кезде Ресеймен бірнеше xан-сұлтандар келісімге келді. Олардың өздерін, шартты түрде бір заңдық құжаттар деп қабылдаған күннің өзінде де көптеген қарама-қайшылықтар бар.
- Қарама-қайшылықтар орын алуының себебі неде?
- Себебі Әбілхайыр немесе басқа қазақ басшылары сол кездегі Ресей патшаларымен құрған одағы немесе келісімінің негізгі баптарына қатысты еді. Рас саяси басшылығын мойындаймыз. Есесіне Ресей біздің аумақтық тұтастығымызды кепілге алады. Түрлі сыртқы нәубеттерден қорғап қалуға күш салды. Қазақстанның басқару жүйесіне дәстүрлі, хандық, діни басқа да басқару жүйесіне қол сұқпайды. Сауда, экономикалық ынтымақтастық орнайды. Яғни, қазақтың деніне қазақ мемлекетінің ол кездегі тыныс-тіршілігіне қол сұғушылық болмайды деген әңгімелер, сол келісімдерде шын мәнісінде орын алды. Бірақ бертін келе ол келісімдерде патша үкіметі тұрғанын біз еш жерден көрмейміз. Қайта күшпен басу, сұлтандарды жою, хандық жүйені мүлде алып тастап, ресейлік губерниялық басқару жүйесін құру, қазақ азаматтарын кепілдікке алды. Мәселен Бірінші дүниежүзілік соғыста Ресейдің жағына қазақтарды соғысқа тарту заңсыз. Сондықтан ресейлік замандағы да, бұл жердегі саяси көрінісі қай заңмен алғандағы жергілікті, халықаралық, адами, діни заңдар бойынша немесе құндылықтар бойынша ешбір түсінікке, ешбір заңдылыққа кіріп шықпайды. Дәл сол оқиға Кеңес үкіметінің заманында да болды. Себебі Ресей империясының мирасқоры саяси, аумақтық, идеологиялық тұрғыдан да бұл – Кеңес одағы болды. Тек қана атын өзгертсе де, дені құрылымы дәл баяғы Мәскеу басқаратын, басқасы артынан еріп жүретін соның бодандары болды. Дәл осындай жағдай 70 жылға созылды. Оның конституциясы қабылданып, онда бірталай сол Кеңес одағына енген республикалардың құқықтары, лауазымдары белгіленді. Бірақ, бұл құжаттар 1924-ші жылы 1932-ші жылы 1977 жылы қабылданған конституцияда Кеңес одағының бұл мәселелердің 100 пайызы сөз жүзіндегі формалды дүние болды.
- Сөз жүзінде формалды болған мәселелерге қандай мысал келтіресіз?
- Қазақстаннан басқа да ұлттық республикалардың өзіндік басқару жүйесі болу керек еді. Өзінің мәселелерін өзі шешетіндей лауазымдары белгіленген болатын. Тіпті Кеңес одағынан шығып кету құқығы болды. Бұлардың бәрі заңда белгіленді. Бірақ іс жүзінде біреуі де іске асқан жоқ. Саясат, білім беру, денсаулық сақтау, экономика барлық сала біздің басшыларымызды тағайындауға дейін, бұның барлығын жекелеген Мәскеу ғана шешіп отырды. Сондықтан мұның өзі де заңсыз басқару жүйесі.
-Қазіргі кезде аталған мәселелердің маңызы қандай?
- Бұл дүниелерді ақты ақ, қараны қара деп атау меніңше тарихи шындық үшін қажет. Өзіміздің тарихымызды дұрыс түсінуіміз үшін, тарихымызда қандай нәубеттер болғанын білу үшін керек. Бұл бүгінгі Ресей мемлекетіне күйе жағуды білдірмейді. Бұл тарихи шындық. Тарихқа ешкім қарсы тұра алмайды. Болған істі қалай болды солай айту керек. Ресей осындай тарихи шындықты мойындау керек. Шындықты қайта-қайта жалған мәліметтермен бүркемелей беруге болмайды. Мұндай келеңсіз дүниелермен кезінде басқа да мемлекеттер айналысты ғой, тек Ресей емес. Бірақ заман өте отарлық жүйе ыдырағанда, олар өздерінің кінәсін мойындады.Үнді халқына қарсы Американың қысым жасағанын мысалға келтіруге болады. Комбинация жасау, істеген қателіктерін ақтау секілді әрекеттер Америкада байқалады. Ресейде де осындай әрекеттер болу керек. Бұл Ресейге деген бүгінгі өшпенділікті күшейту шарты емес немесе оның бастамасы емес. Бұл тарихи шындықты, өзімізді-өзіміз танудың жолы.
Рақмет!
Сұхбаттасқан: Мөлдір Кішенова