Павлодарлық жігіт әкесінің мәйітін не себепті төрт ай сақтап келген?

/uploads/thumbnail/20170710064638992_small.jpg

Павлодар қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің балконынан төрт ай бұрын қайтыс болған қарт адамның денесі табылды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі baq.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Бұл туралы көпқабатты үйді жайлаған жағымсыз иіске шағымданған тұрғындар хабарлап, құтқарушыларды шақырған. Олардың айтуынша, күн жылынғалы бері үйдің дәлізінде жағымсыз иіс шыға бастаған.

«Бастапқыда ит немесе мысық өліп қалған деп топшыладық. Жағымсыз иістің себебін анықтамақ болдық. Ұлымен бірге тұратын қарт азаматтың пәтеріне күмәнмен қарай бастадық. Себебі, есіктерін ешкім ашпады. Құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болдық», - дейді куәгерлер.

Құтқарушы топ қарттың үйіне келген сәтте оның 52 жастағы ұлы болыпты. Зәресі ұшқан ол бесінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Павлодар облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, марқұмның ұлы мас болған, өзінің іс-әрекетіне жауап бере алмаған.

«Ер азамат терезеден секіріп кетіп, бірінші қабатта орналасқан ғимараттың төбесіне құлап түсті. Дереу ауруханаға жеткізілді, жарақат алған. Кейін анықталғандай, тұрғын денсаулық жағдайы бойынша арнайы медициналық есепте тұрған», - дейді облыстық ІІД баспасөз қызметінің хатшысы Баян Мағзұмова.

Полицейлердің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, 52 жастағы азамат еш жерде жұмыс істемейді. Соңғы жылдары туған-туысқандарымен байланысын үзген.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 77 жастағы зейнеткер үстіміздегі жылдың қаңтарында көз жұмған. Сол кезден бері марқұмның денесі балконда жатыпты.

Мамандардың болжамынша, 52 жастағы азаматтың әкесін жерлеуге қаражаты болмаған. Осындай қадамға барудың себебі осы жайт болуы мүмкін.

Айта кетейік, осы тектес оқиға облыс орталығында 14 жыл бұрын болған. Сол жылы пәтердің ішінен мумияға айналған жас әйелдің мүрдесі табылған.

 

Қатысты Мақалалар