«Қамшы» порталының техникалық редакторы Ықылас Оразбайдың компьютер жүйелері туралы тізбекті мақалаларын кезең-кезеңімен жариялауды жөн көрдік. Түйгеніңіз болса ой бөлісіңіз құрметті оқырман!
Ақпараттық қауіпсіздік – бір елдің орнықты, баянды дамуының негізгі шарттарының бірі. Көптеген дамыған елдерде мемлекет қорғанысы үшін пайдаланатын өзіне тән компьютер жүйесі бар. Өйткені компьютер жүйесіндегі әртүрлі ниеттегі қыстырма программаларды былай қойғанда, Google іздеу сайтының өзі қаншама мемлекеттің, мекеменің, жекенің құпиялығын ұрлап жатқаны белгісіз. Бұл ғасыр әлдеқашан информация ғасырына айналды. Бірақ Қазақстанда, сонау Алашорда тұсындағы ұлт ардагерлерінің әліппені, математиканы, педагогиканы оқулық ретінде қазақы зердемен қайта жазғанындай заманымыздың ең озық қаруы компьютердіқазақшаластыруға болған тың серпіліс әлі туындамай келеді.
Мен Қытайда туылып, сонда ержеткендігімнен сол елдің кейбір даму кезеңдеріне, тәжірибелеріне куә болдым. Сол толқынның ішінде өстім. Қытайдың IT саласы 1995жылдан бері ұшқан құстай дамыды. Мемлекет қазынасындағы алтын ақшалардың Google сияқты IT дәриялары арқылы шетелге ағылмауы үшін «байду» (www.baidu.com) тектес арнаулы іздеу сайттары ашылды. Әрі оның іздеу әріптік коды GB2312-гесәйкестірілік, Қытайдың өз әріп жүйесіне арналғандықтан ғаламтор пайдаланушылар үшін асамол игіліктер жаратты. Шетелге бекер ағылатын ақпараттық, жарнамалық қорлар «байду» серіктігі арқылы қайтадан үкіметке құйылатын болды. Өзегің талмасы үшін өзіңде болуы керек қой. Бұдан сырт қазір әлемдік өредегі бәсекеге төтеп бере алатын QQ атты интернеттегі лездік хабарласу құралы бар Қытай мемлекеті өз ақпаратын бүкілдей өз медиялары, өз жұмсақ бөлшектері арқылы атқартуда. Бертінге дейін қытайлықтар Ресей өндірген «касперский» (kaspersky) сынды вирустан сақтану жұмсақ бөлшектерін сатып алып істететін, Кейін келе үкімет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, «Жин шан ду ба» (金山毒霸) сияқты бүкілдей ақысыз вирус тазалау жұмсақ бөлшектері әзірленіп, ол Қытайдың өзі түгілі алыс-жақын шетелдерді де қамдай бастады. Міне бұл аз қаржы жұмсап, көп қаржыны үнемдеудің бір мысалы . Бұдан да маңыздысы мемлекет ішіне дендеп кірген шетел жұмсақ бөлшектерінің ақпарат ұрлауының алдын алу.
Қазір Қазақыстандағы IT саласы, соның ішіндегі таза қазақы IT өнеркәсібі басқалардың жетегімен кетіп барады. Мәселен Қытайдағы қазақтілді сайыттардың 90 пайызы Қытай компаниясы жасаған Discuz жүйесін пайдаланса, Қазақстандағы сайттардың 90 пайызы Wordpress жүйесін істетуде. Бұл қазақы IT саласының әлі қалыптасып үлгермегендігінің, қазақ сайттарының қауіпсіздігінің кілті әлі де басқалардың қолында екендігінің бір айғағы. Ал бұны дамыту үшін не істеу керек? Ең бірінші, «Қазақ IT университетін» құруға талпынуға тиіспіз. Ал үкімет тарапы Қазақ IT компанияларын құруға атсалысып, оларды сүйемелдеп қаз тұрғызып жіберу керек. Ал олар қазақ үкіметінің мықты қолғанаты болмақ.
Тарихтың дауылы мен нөсерінде қазақ жұрты қырылып-жойылып, көптеген мемлекеттерге тарыдай шашылып кеткені рас. Бүгінде әсіресе, «темір түзімдегі» мемлекеттердегі қандастарды Отанға оралту қазақ қаны тулаған әр азаматтың арманы болса, көк байрақтың астына Алаштың басын қосу билік басындағы біліктілердің бітірер ісі.
Ал IT саласы – бар қазақтың басын қосуда қандай міндеттер атқара алады, мүмкіндігі қаншалық? Осыған тоқталып көрелік.
Айталық, дүниенің бұрш-бұрышындағы қандастар «Айқын» газетін сатып ала алмаса да, ғаламтор арқылы жақсы біледі. Бұл шекарамен шектелмейтін IT-дің ең басты ерекшелігі.
Екінші мүмкіндік, Алты алаш қолданатын крилица, латынша және төте әліпбидегі жазуларды интернет программалары арқылы автоматты аударып көрсетуге болады. Мысалы, сіздер қарап отырған «Қамшы» порталы дәл осы үддеден шыға алады. Бұл біздің – қазаққа болсын деп жасаған мақсатты жұмыстарымыздың бірі. Енді бұл технологияны ресми түрде бүкіл қазақ сайттарына қолдану керек. Сонда ғана әр қазақ сайтының оқырманы дүниенің түкпір-түкпіріндегі бар қазақ болатындығы шүбәсіз.
Үшінші мүмкіндік, интернетке жалғанудың нарқы төмен, отбасы сайын компьютер жалпыласа бастаған мына дәуірде шын мәнінде елге білім беретін қазақ тіліндегі электронды кітапхана құрса, оның бүгінгі оқырманы қазақтың келешегін жаратады деп тұжырымдауға әбден негізіміз бар.
Мен Қытайдағы қазақтілді сайыттарды алғаш құрушылардың бірі ретінде 10 жылдан бергі IT саласына араласқан тәжірибелерімді айтсам, Қытайдағы қазақтілді сайыттардың күндік көрілімі 2000-2005 жылдар аралығында 6-дан 6000-ға, 2005-2012 жылдар аралығында 6 мыңнан 60 мыңға көтерілгенін көзіммен көрдім. Бұдан дүниежүзіндегі таза қазақтілді оқырманның үштен бірі Қытайда тұратынын білуге болады.
Екінші түйгенім, мен қазір жоғары дәрежелі программа жасау білімдерін үйрену үшін қытай тілін білудің жеткіліксіз екенін байқадым. Енді ағылшын тілін үйренуге бел байлап отырмын. Бұл да болса бір ұлттың ғылым-техникасы дамыған сайын сол ұлттың тілінің де мәртебесі көтеріле беретіндігінің бір мысалы. Тағы бір мәселе, неше жылдық компьютер курстарын ашу тәжірибелерін қортындылағаннан кейін 2010 жылдан бастап копьютер білімдерін алыс аралықта оқыту жұмысын бастадым. Сол арқылы неше жүздеген оқушыны ақылы, неше мыңдаған оқушыны ақысыз тәрбиеледім. Енді осы тәжірибені Қазақ елінде қолданғым келеді. Ол үшін алдымен жұмсақ бөлшектерді бір-бірлеп қазақ тіліне аударып, оларға арнап қазақ тіліндегі электронды сабақтар дайындап, интернет арқылы бүкіл қазаққа таратса халықтық деңгейдегі ғылым-техникалық сауаттың жоғарлауына аса зор серпіліс әкелер еді .
Үшінші түйгенім, мен жұмыстан сыртқы уақытымнан пайдаланып, бірер жыл іздену арқылы арнайы жұмсақ бөлшек зерттеп жасадым. Бұл жұмсақ бөлшектің ішінде әртүрлі қазақ жазуларын сәйкестіру қызметтерінен сырт ұйғыр тіліндегі мақалаларды қазақ тіліне 60-70 пайыз дәлдікте тікелей аудара алатын ерекшелік бар. Өйтетіні, ұйғыр тілінің грамматикасы мен қазақ тілінің грамматикасы ұқсас. Тек жұрнақ-жалғаулар мен түбір сөздерді аудару керек. Бұл мынаны түсіндіреді: егер жеткілікті қаржы мен адам күші болса, бүкіл түркі тілдерін техника арқылы бір-біріне бөгетсіз аударуға болады. Ал тілдердің бір-біріне бөгетсіз аударылуына қол жеткізе алсақ, онда бүкіл түркіге ортақ ғаламтор жасауға да әбден мүмкіндік бар. Бұл дегеніңіз қазақша жазған мақалаңызды «түрікше» деген түймені басып тікелей түрік тіліндегі мақала ретінде көруіңізге болады деген сөз.
Егер осындай компьютерлік бағдарлмалар жасалып, қолданысқа енсе, түркітекті халықтардың ынтымақтастығы мен біртұтас дамуына айрықша үлес болар еді.
Пікір қалдыру