Дүниені дүрбелеңге салған, әлем назарын аудартқан Украина мен Таяу шығыстағы жағдай әлем елдері және жергілікті тұрғындар қаншалықты бейілді болса да тынышталар емес. Әсіресе Сириядан бастау алған «Илам мемлекеті» атын жамылған күштердің әрекеті тұтас әлемді шошындырып отыр. Өздерін ИСИМ атаған джихадшылардың әрекетінен АҚШ президенті де сескеніп, олардың оңай алдауға көне қоймайтын қауіпті күш екенін мойындады. Шығыстағы көршілері тынышталуына аса мүдделі Түркия осы жағдайды реттеуге өз тарапынан аянып отырған жоқ. Осы ретте аталған елде оқып жатқан қазақ студенттерінің өкілі, саясаттанушы Амангелді Қалыбектен Түркияның жаңа билігінің әрекеттері мен елдің күрдтер протестіне қолданып отырған шаралары туралы эксклюзивті сұхбат алған едік.
-Түркия Сирияға шекаралас орналасқан мемлекет ретінде, көрші елдердің ішкі тұрақсыздығына қандай көзқарас ұстанып отыр?
-Әлемдік державалардың Сирия мәселесі бойынша бір шешімге келе алмай, осы күнге дейін уақыт созуы Таяу Шығыстағы соңы қалай болары белгісіз саяси-әскери кикілжіңнің қалыптасуына әкеліп соқты. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін Сирия және Ирак территориясында мыңдаған бейбіт тұрғындардың қаза болып, отыз мыңнан астам босқындардың жер аударуына себеп болып отыр. Сириядағы Асад режиміне қарсы жоспарланған «Ислам Мемлекеті» террорлық тобының қарулы жорықтарына әу баста көз жұмып қараған болса, соңғы күндері джихадшылардың әрекеттері тек Батыс елдері мен Ресейді ғана емес, сонымен қатар аймақтағы саяси күштерді де алаңдатып отырғаны рас. Көрші жатқан мемлекеттердің арасында әскери әлеуеті және саяси беделі жеткілікті Анкараның бұл мәселеге байланысты уақытты созу тактикасы тек босқындарды ғана емес, сонымен қатар өз азаматтарын да мазалауда. НАТО шеңберінде Түркияның басты әскери одақтасы болып табылатын АҚШ арасындағы кейбір сұрақтарға шешім жолдарын әртүрлі қарастыруы осы тұста айқын байқалып қалды. Вашингтон және Батыс Еуропа елдері Ислам мемлекетіне қарсы күрд қарулы топтарын пайдалануды қолға алса, Анкара бұл жоспарға үлкен скептикамен қарайды. Шекарасына жақын жатқан өлкеде осы уақытқа дейін Түркияның ресми түрде ең басты жауы болып келген Күрд жұмысшылар партиясының қарулануы болашақта Анкара үшін үлкен проблема болары сөзсіз.
-«Ислам мемлекетінен» келетін қауіпті Анкара қалай болжайды, қауіптің алдын алуда қандай шаралар қолға алып жатыр?
-Қазірше Түркия үкіметі «Ислам мемлекетінен» тікелей қауіп көріп тұрған жоқ. Керісінше, орын алған жағдай Анкара үшін «күрд мәселесін» шешуде едәуір көмегін тигізуде. Біріншіден: Кобаниде құрбан болғандар тек бейбіт тұрғындар деп айта алмаймыз. Керісінше, КЖП немесе соған жақын қарулы топтар. Олардың адами шығындары Анкара үшін оң нәтиже екені сөзсіз. Екіншіден: Шығыс Түркиядағы күрдтердің арасында қауіпсіздікті қамтамасыз етуде саяси ұпай жинау мүмкіндігі. Соңғы күндері Анкараның әскери әріптестерімен қатар өз азаматтарының да Ердоған бастаған топтың орын алған жағдайда біршама белсенді болуын талап етуде. Түркия қалаларындағы протесттерде қаза болғандардың саны қырыққа жуықтап қалды. Дегенмен де, Ердоған Сирияға әскерін кіргізуге асығар емес. Бұл түсінікті де. Елдімекендерде қарулы топтармен соғысу қаншалықты қиын екенін түрік үкіметі жақсы біледі. Әскерді кіргізген жағдайда да, түбі немен бітетіні беймәлім. Қазірше Түркия «Ислам мемлекетіне» қарсы халықаралық коалицияға тек барлау қызметтері және логистикамен көмек бере алатынын айтуда. Бірақ террористтерді жеңу үшін тек ұшақтармен бомбалау жеткіліксіз, қарулы күштер кіргізуге мұқтаж. Басты сұрақ - бұл кімнің әскері және қашан болатынында.
-Тұрақсыздық таяу арада қалыпқа келмесе Түркия қандай әрекеттерге баруы мүмкін?
-Түрік билігі Республиканың жүз жылдығына «әлемдегі дамыған елдердің ондығына кіру» ұзақ мерзімдік стратегиясын қолға алған. Осы мақсатты іске асыруда Ердоған бастаған «Ақ партияның» қосқан үлесі мол екені сөзсіз. 2023 жылы дамыған Түркияны бастаймыз деп мақсат қойған «Ақ партияның» жоспарына ең басты қауіп «Ислам мемлекеті» болып тұр. Бұл орайда Таяу Шығыста орын алған бұл мәселеге байланысты Анкара ұзақ уақыт бақылаушы ретінде қала алмайды деп жорамалдауға болады. Қайткенде де орын алған кикілжің Түркия үкіметінің күрд мәселесін шешу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар Шығыс Түркиядағы күрдтердің де Анкара позициясына жақындауына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Сұхбаттасқан: Нұрғали Нұртай

