Қытай тыңайтқыштарымен дайындалған жеміс – демографияға жасалған қастандық

/uploads/thumbnail/20170708154832339_small.jpg

Мен ержеткен шағын елдімекен Шұбарағаш деп аталатын. Үйіміздің алдындағы алаңқай жабайы өскен алма бағы еді. Алаңқай болғанда бір үлкен ауылдың орнына барабар ат шаптырым аумақ. Сол алма бақтың әр жыл сайын көктемде бір тұтас гүл ашатын көрінісі ғажап сурет болатын. Биігірек беткейден көз тастасаң жасыл алқаптың үстіне жайылған ақ көрпе жер бетіне қона қалған ұлпа бұлттардай әсер беретін. Бұлбұл құсы сайрайтын, аң-құсы тыным таппай табиғат симфониясын ойнайтын жазғы қызығы өз алдына. Осы баққа күзде келе қалсаңыз мас болмай қайтпайтыныңыз анық. Жемістер пісіп, мезгілі жетіп үзілген сәттен бастап, ағаштар жапырағынан арылатын сары күздің соңғы сәтіне дейін алманың жұпары қозы көш жерден-ақ кенезеңді жарып тұратын.

Бұл әңгімені неге жаздым - жеміс-жидек базарға шыға сала кім-кімде болсын базар келеді. Қазір бұрынғыдай исі аңқып, сонадайдан еліктіретін жеміс-жидектің дәурені өткен. Күз келгенде Алматының апорты базарға шығып, осы отандық жалғыз өнім қолқаны жаратын өзіндік исімен базарға сән беруші еді. Соңғы кездері ол да жоқ. Базарға жолым түскен бір күні сатушы апайлардан «қазіргі апорт алмалардың исі неге жоқ» деп сұрадым. Сөресін түрлі жеміспен жайнатып қойған апай: «Е, қайдан исі болсын, бұл жақтың апорты да қытайдың химиясымен өсіп жатқан жоқ па?», - деп салды. Ерте көктемнен-ақ базарға шығатын, бағасы қымбат болса да тәп-тәуір өтетін жеміс пен көкөністің Қытай мен Өзбекстаннан келетінін, сол жемістердің химияның күшімен зорлана піскен дүниелер екенін бәріміз де білеміз. Алайда, қазақ жеріндегі жеміс қытайдың химиясымен өседі деп кім ойлаған. Шөбін тартсаң түбінен майы шығатын қазақ жерінің топырағы соншалықты құнарсыз емес еді. Мәселенің мәнін білмекке шағын сұраулар салып, ақпарат іздеп көрдік. Сөйтсек, түрлі парник ашып, шетелдік тауармен бәсеке жасап жүрген шағын кәсіпкерлердің бәрі қытайдың химиялық тыңайтқыштарына жүгінеді екен. Бұл тұрғыдан қытай химиясымен елге саудалайтын арнайы фермалар да бар болып шықты. Әр жыл сайын елге мыңдаған тонна тыңайтқыштар келеді және жыл сайын химиялық тыңайтқыш импортының көлемі ұлғаюда. Ол ғана емес, егіс пен бақтың арам шөбін өлтіру үшін де қытайдың химиялық препараттары пайдаланылады. Тіпті бұны тұтынбайтын бағбан жоқ. Тыңайтқышпен зиянкес жәндіктерді залалсыздандыратын химияны пайдаланудың себебі түсінікті - аз еңбек күшін жұмсау, сапалы өнім алу және өнімге тез қол жеткізу. Ал бұл дүниені пайдаланудың салдарына көз жүгірткендер бар ма? Әрине жоқ.

aport

Химиялық тыңайтқышты пайдалану топырақ эрозиясын тудырып қана қоймай, таруарлық түрі жайнап тұрса да дәмсіз әрі құнарсыз өнімге қол жеткізуге апарады. Әрине бұл тұрғыдан тұтынушылар зардап шегеді. Қазақстанның отандық өнімін тұтынушылар қазақстандықтар ғана екенін баршамыз білеміз.  Бүлінген топырақ қалпына келуі үшін бірнеше ғасырларға созылатын уақыт керек. Ал, дәмсіз, құнарсыз жеміс-жидектерді пайдаланудың ең ауыр зияны туралы химиялық тыңайтқыштарды өндіруші қытай ғалымдары былай деп дабыл қағады: «Табиғи биологиялық өсіммен өсіп жетілмеген азық-түліктің қай түрін тұтынсаңыз да, болашақта ұрпақ көру қабілетіңізден айырла бастайсыз. Тіпті сіз ұрпақ сүйгеніңізбен сіздің ұрпағыңыз ұрпақ сүйе алмай қалуы мүмкін.»  Себебі ондай азық-түлік сіздің ДНК-ңызды ақпарат тасымалдауға қабілетсіз етеді. Яғни қытай химиялық тыңайтқышының ең ауыр зардабы – тұтынушылардың ұрпақ сүю қабілетінен айырлуы. Бұл жаһанда қаруы мықты мен саны көптер ғана күшті екені шындық. Олай болса, демографиялық өсімге аса мүдделі қазақ қоғамы қытайдың химиялық тыңайтқыштарынан және азық түліктерінен тездетіп бас тартқаны дұрыс. Үкімет өз мемлекетіміздің тұрғындарын қамтамасыз ете  алатын азық-түлік қауіпсіздігін кешіктірмей қолға алуы қажет.

Ақкісі Жанкерім

Қатысты Мақалалар