Дерекке сүйенсек, қазір шетелдік лаңкестік ұйымдардың жетегінде жүрген 100 мыңнан аса отандасымыз бар. Алматы арнасы келтірген бұндай мәліметті еліміздің бас прокуратурасы мәлімдеген. Жыл басынан бері экстремизм мен террористік әрекетке қатысы бар деген 30 қандасымыз темір торға тоғытылған.
Сонымен қатар, ғаламтор арқылы өзге бағытты үгіттейтін 1000-нан аса жазба материалға тосқауыл қойылыпты. Елімізде 2004 жылдан бері 15 террористік, 6 экстремистік ұйым анықталған. Сенат экстремизмге қарсы ұсынылған құжатты кері қайтарған. Өйткені, онда экстремистік немесе террористік ұйым болып табылатын, сондай-ақ, еліміздің тыныштығына нұқсан келетін ақпараттық материалдар есепке алынбаған. Сонымен қатар, шетелдегі өзге бағытты ұстанатын немесе қатысы бар адамдарды елге кіргізбеу туралы мәселе де қаралу қажет екен. Келесі жылдан бастап жаңа қылмыстық кодекс күшіне енеді. Онда экстремизм мен терроризмге қатысты жаза күшейтілген. Дегенмен, өзге ағымдарды үгіттейтіндердің қатары көбеймесе, азаймаған. Статистикалық мәлімет бойынша, арбауға түсетіндердің басым бөлігі жастар.
Қамшы-ақпарат