Алматы қаласы Алатау ауданында антисанитарлық жағдайда өмір сүріп жатқан аз қамтылған отбасы бар екені анықталды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Алматы қаласы ІІД Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 45 жастағы Ю. есімді азаматшаның екі баласы бар. Бірінің жасы 10-да, кішісі 7-де. Жалғыз басты ана жұмыссыз. Балаларының тәрбиесіне көңіл бөлмейтіні, сабақтарына ден қоймайтыны, балаларының жақсы өмір сүруіне ешқандай жағдай жасамайтыны және материалдық тұрғыда оларды қамтамасыз етпейтіні белгілі болды.

«Үйдің іші лас, ылғал, жағымсыз иіс шығады. Жарықты төлемегені үшін өшіріп тастаған. Балаларына тамақ жасап, киімдері жуылмағанына біраз уақыт болған. Қойған сұрақтарымызға анық жауап бермейді. Тек түзелетінін айтып, ақталуда. Әрине жалғыз басты аналарға ер адамның көмегінсіз балаларды жалғыз өсіру қиын. Алайда балаларға дәл былай немқұрайлы қарау кешірілмес жағдай» деді Алатау аудандық ІІБ полиция полковнигі Наркозы Баймұратова.

Анасына «Балаларды тәрбиелегенде ата-аналық парызын өтемегені үшін» хаттама толтырылды. Анасы ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.

Шолушы: Әсем Әлмұханбет