Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартты жүзеге асыру үшін 126 нормативтік-құқықтық акті қабылдау қажет. Оның ішінде 56 құжат 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдануы керек. Бұл туралы Ресей Федерациясы Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде айтқан. Bnews.kz-тің жазуынша РФ Парламенті жоғарғы палатасының басшысы Минскте өткен мемлекет басшылары саммитінде әлем картасында әлеуеті зор және халықаралық субъектілік құқығы бар жаңа экономикалық интеграциялық бірлестік пайда болғанын атап өтті.
«Бұл келісімшарт толыққанды жұмыс істеуі үшін әлі де 126 нормативтік-құқықтық акті қабылдануы тиіс. Оның ішінде 56-сын 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін қабылдау керек. Бұл ауқымды жұмыс сондықтан оны бірлесіп атқарған жөн», - дейді Матвиенко.
Қамшы-ақпарат