Еліміздің мәдени астанасында Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма қолдауымен, Алматы жастарының конгресі мен Алматы студенттер альянсының ұйымдастыруымен, 14-25 жас аралығындағы 300-ге жуық жас өнердің 17 түрінен өзара бақ сынаған көлемді «Алматы қаласы жастарының дельфий ойындары-2017» байқауы аяқталды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі. Дельфий ойындары –қатысушылар арасынан талантты тұлғалар мен ерекше дарынды жастарды іріктеп алуға бағытталған, классикадан бастап қазіргі заманға дейінгі өнердің барлық түрін біріктіретін кешенді байқау. Олимпиада ойындарымен бірге ежелгі Греция жерінде дүниеге келіп, XX-ғасырда қайта жандана бастаған дельфий ойындары бүгінде әлемнің 100-ге тарта мемлекетінде қолдау тапқан. Қазақстан Ұлттық дельфий ойындарын биыл XIII-рет өткізді. Ойындар жас таланттарды тауып, оларды қолдау, өскелең ұрпақ арасында мәдени мұраны насихаттау, оларға рухани, эстетикалық тәрбие беру, мәдениетаралық диалог пен ұлттық өнердің дамуына ықпал етуді көздейді.
Байқаудың нәтижесі бойынша ең үздік деп танылған жеңімпаздар: «скрипка» номинациясы бойынша – Ақынгер Айлин (10-15 жас) мен Бектұрова Малика (16-21 жас), «киім дизайны» номинациясында Пернебаева Гауһар, домбыра жанры бойынша Шәкенбаев Мұхамедәлі (10-15 жас) мен Жүлекен Жандос (16-21 жас), «дәстүрлі халық әні» аталымы бойынша Ерғалина Балауса, «фотосурет» шеберлерінің арасында Жакаева Офелия арнайы мақтау қағазымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қимылына көз ілеспес мың бұралған бишілердің арасындағы бәсекеде бас жүлдені «заманауи би» номинациясында «SAAD» би тобы, «халық биі» аталымында әртүрлі жас ерекшеліктеріне орай, «Сармат» (10-15 жас аралығы) пен «Нұрби» (16-21 жас) би топтары қанжығаларына байлады. Енді аталған жеңімпаздардың барлығы қаламыздың намысын - республикалық Ұлттық дельфий ойындарында қорғайтын болады. Ұлттық дельфий ойындарында жеңіс тұғырынан көрінген жастар халықаралық дельфий ойындарында еліміздің атынан өнер көрсетеді.
Пікір қалдыру