Аргентинада ерлі-зайыптылар ғажайып оқиғаның куәсі болды деп жазады zhasalash.kz. Олардың өлі күйінде дүниеге келген нәрестесі мәйітханада 12 сағат бойы жатқаннан кейін тіріліп кеткен. Дәрігерлер Люз Милагрос есімді бөпенің өлі күйінде дүниеге келгенін айтып, денесін мәйітханаға жолдаған. Қыздың ата-анасы Аналия Бутер мен Фабиан Верон бұл хабарды ауыр қабылдайды.
Туа салысымен 15 минут өткенде нәрестені мәйітханаға жіберген дәрігерлер ұзақ уақыт бойы оның мәйітін ата-анасына көрсетпей қойған. Мерзімінен үш ай бұрын дүниеге келген шақалақ 12 сағат бойы мәйітхананың тоңазытқышында жатады. Бөбегінің денесін көрсетуге қарсы болған дәрігерлерден күдіктенген ата-ана айқай-шумен 12 сағат өткенде нәрестені көруге мүмкіндік алады. Сәбиін қолына ала берген ана оның жыламсырағанын естіп қалғанда өз-өзіне сене алмаған.
Қыздың ата-анасы сәл кешіккенде, бөбек суық табытта тіл тартпай кететін еді. Оның 12 сағат бойы тоңазытқышта жатқаннан кейін де тірі қалғаны дәрігерлерді аң-таң етті.
Ал баласын құтқарып қалған ата-ана нәрестесін өлдіге санаған дәрігерлерді сотқа берді. Олар мәйітханаға жіберілгенге дейін оның тірі болғанына сенімді.
Пікір қалдыру