Brent маркалы мұнай бағасының барреліне 80 доллар болып түзілуіне қатысты еліміздің Ұлттық банкі теңгені 15,5 пайызға құнсыздандыруы мүмкін. Бұдан барып бір доллардың құны 220 теңгені құрауы ғажап емес. Nur.kz жаңалықтары жазуынша, бұл туралы бүгін Қазақстан-Ресей қор нарығының жайын бақылап, бағдарлап отыратын Renaissance Capital ақпараттық қаржылық орталығы осындай мәлімет таратқан.
Аталмыш орталық мамандарының пайымдауынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі мұнай бағамы барреліне 100 доллар болғанда 4,8-4,5 пайыз болуы керек. Дегенмен әлемдік биржада мұнай бағамының әр апта сайын төмендеп жатқанын ескерсек, 2015 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызды құрауы әбден мүмкін екен. Ұлттық банк мұндай жағдайда теңгені 15,5 пайызға құнсыздандыруы мүмкін. Бұдан барып бір АҚШ доллары 220 теңгені құрайды. Импорт-экспорт ара-қатынасын реттеу үшін Қазақстан осындай қадамға баруы ғажап емес.
Бұған қоса мамандар Қазақстан үшін төмендегідей жайсыз ақпарат тартқан: "Егер мұнайдың бір баррелі 2015 жылы 60 долларды құрайтын болса, онда Қазақстанның ЖІӨ күрт төмендейді. Ал 2015 жылы мұнай бағасы 50 доллардан төмендесе, онда елдің экономикасы құлдырайды. Бұл 2009 жылғы орын алған қаржылық дағдарысты қайтып әкеледі. Мұнай бағасының төмендеуіне қатысты экономикалық жағдайдың ушыға түседі. Сондықтан бұл біраз елдерге ауыр соққы болады"
Ал әлем елдерін алаңдатқан қара алтын құнындағы өзгеріске бас қатыруды қажет деп таппайтын елдер де бар. Мәселен, ОПЕК-ке мүше мұнай өндіруші алпауыттардың бірі Сауд Арабиясы алдағы уақытта мұнай құны барреліне 90 тұрмақ, 80 долларға түссе де, мұртымызды балта шаппайды дегендей сыңай танытып отыр екен. Тіпті, араб елі бағаның құлдырауынан пайда да табуға ниетті. Өйткені бағаның төмендеуінен өндірушілер жаңа инвестиция тартуды тоқтатады. Бұл мұнайды мұхит түбіндегі тереңдіктен, тіпті АҚШ-тағы қатпарлы мұнай кен орындарынан өндіру жобасын да тоқыратуы ықтимал. ОПЕК елдеріне тиесілі мұнайдың үштен бір бөлігі Сауд Арабиясының еншісінде. Бағаны одан әрі құлдыратпас үшін, көптеген елдер мұнай көлемін қысқартып жатыр. Ал күніне 9,7 млн баррель мұнай өндіретін Сауд Арабиясы билігі ол жайында тіпті ойланбайды.
Қамшы-ақпарат
