Google translate жобасына жыл соңына дейін қазақ тілі қосылады

/uploads/thumbnail/20170708154904765_small.png

Қазақ тілін Google Translate жүйесіне қосу жобасы екінші кезеңге өтті. Bnews.kz-тің хабарлауынша, бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «WikiBilim» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы мәлім еткен.

 «Осы бастаманы қолға алған кезде Google-мен байланысқа шықтық, олар бұл жұмысты өздері жасай алмайтындығын, бірақ платформаның жаңа тілді қабылдауға дайын екенін жеткізді. Бірақ бұл үшін сол тілде сөйлейтін ортаның өзі жүйені ағылшын және қазақ тілдеріндегі өте көп, қатесіз аударма материалдармен қамтамасыз ету керек болды. Соның негізінде Google-дың аударма жүйесі қазақ тілін игеріп алып кете алады. Бұл жұмыстың бәрі атқарылды. Бірінші кезеңде өте көп мәтіндер салынды», - дейді Рауан Кенжеханұлы.

«Екінші кезеңде Google бізге хабар беріп, енді жасалған аудармаларды бағалау керек деген өтініш айтты. Билайн Қазақстан компаниясының көмегімен тілші мамандар араласып, аударма сапасын бір рет бағалап шықтық. Енді аудармаларды тағы бір рет қарап, оларды бекіту керек. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, тілге жаны ашитын қауымдастыққа тағы бір мәрте өтініш айтқымыз келіп отыр. Осы жүйеге кіріп, аудармаға баға беріп, дұрыс болса оны құптап, одан да көбірек еңбек сіңіруге уақыт және күш болса, қосыша аударма жасау арқылы осы жүйені тезірек іске қосуға атсалысуға болады», - деген өтінішін білдіреді Р.Кенжеханұлы.

Тіл жанашырлары http://translate.google.kz/community сілтемесі арқылы өтіп, «Google Translate + Kazakh» жобасына өз үлесін қоса алады. Ел азаматтары немқұрайлылық танытпай, бұл игі іске бір адамдай жұмылса, қазақ тілі Google Translate жүйесіне 2014 жылдың соңына дейін қосылады.

Қамшы-ақпарат

Қатысты Мақалалар