Ғалым! Ұстаз! ... Ағартушы!
Ғалымдығы мен ұстаздығына сөз жоқ, ал Ағартушыңызға жөн болсын деушілер жеткілікті екенін іш сезеді, көңіл түйсінеді.
Әдетте Абай мен Ыбырайды, Мұхтар Әуезовті, одан бері де үйірге қайта қосылған Ахмет, Халел, Шәкәрімдерді ағартушыға балап, аспандатқанымызбен олармен иықтас, салмақтас талай-талай толағай талант, таудай тұлғаларымызға бұл теңеу-атақты таңуға қисынын келтіре алмай жататынымыз бар. Рухани баға-құрметтің ең зоры ағартушылық десек, ол ұлтанды ұлтқа, қабырғалы халыққа тікелей қатысты ұғым. Алаштың армандаған аңсарын тапқан, тыңнан түрен салған, жоқты бар қылған, болмағанды болдырған жан ғана, әдетте, ағартушы атанбақ. Ендеше көп доктордың бірі, алыс Америка, Англиядан емес, тіптен Мәскеу-Петербордың кітабын аудармаған, қайдағы бір іргеміздегі Монғолиядан келген оқымысты қайтіп ғана ағартушы бола қалмақ дерсіз...
Иә, ғалым Қаржаубай Қазақстанға келгенге дейін де Орхон-Енесай һәм Талас (өзіміздің) тас жазбаларынан біз хабардар едік. Махмуд Қашқари мен Жүсіп Баласағұниды да білдік. Арқайым қалалар кешені туралы еміс-еміс естігенбіз. Есіктен (әулиелі «Ыссық» қаласынан) табылған Алтын ханзаданы, ойбай, бізге қатысы жоқ екен, (мың жыл бұрынғы мүрде басын көтеріп, парсыша үн қатқандай) Тұран емес, Иран тектес жұрттың жәдігері екен дестік... Антикалық дәуірдің көне құдайларын танып-табынып, орман орыстың тарихын жеті атамыздан әрмен жаттап, өзіне үйреттік. Бәр-бәріміз сауатты едік, тіптен қолымыз жеткендер Партшколды тауысып, ауыл-аудан-
ды басқарып, Мәскеудегі жоғарырақ мектебін бітіргендер облыс-астанада
таққа мінгенбіз. Әйтседе, иә, әйтседе ... ілім-ғылымның түр-түрінің түбін түсірсе де, әлемдік пәлсапаңызды (ғылымның атасы дін, шешесі философия ғой) суша сапырса да Йассауи сұпы мен Абай хәкімді тұшынып көрмеген; жеті тіл білсе де өзін жөргектен жоғары шыңға жетелеген ана тіліне қайырылуға мұршасы жоқ ... оқыған-тоқыған, академик-профессорларымызды ұлттық рухтың жанашыры, ұлт ұстазы дей алмадық.
Оның үстіне «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан». Шыр айналған шіркін дүние көз алдымызда қырық құбылып, өзгеріп қана қоймай, мүлде төңкеріліп түскендей... Ғылым академиясы тарқатылды. Бұрын да жетісіп-жырғап тұрмаған ғалымыңыз қоңыз термегенмен, қозы-лақ қайырып кетті. Шенеуніктің бәрі-баршасы мелмеңдеп кандидат, доктор болып алған соң диссертация қорғау, азды-кемді жаңалық ашу деген марафонның да демі бітіп, қатырма қағаздың күші жойылды.
Осылайша аспан алақандай, жер тебінгідей бола бастаған ақыры жақын заманда қазақтың бір қара баласы шығып, мың-мың жарым жылғы бұрынғы сағым дүниені қазағының қара қазанына әкеліп салды, бұл сенің ата-бабаңнан қалған асыл жәдігер, көзіңді ашып қара деді. Жай ғана айтып, жазып, жар салып қоймады, екі ғасыр бойы ғылымда мызғымас ережеге айналған қағидалардың қабырғасын бырт-бырт сөгіп, ақсақал, жалтыр басты ғалымдарға қарсы шықты. Дүниенің кіндігі – қазақ, ең ұзақ ғұмырлы ұлт –
қазақ, ең көне мемлекет – қазақтікі...
Күні кешегі Алашордасын түгендей алмай, Ноғайлысын жоғалтып, Алтын Ордасынан жерініп жүрген оқыған-оқымағандарға мың, мың жарым жыл бұрынғы бабаларымыз қазақша//қыпшақша («й»-мен емес, «ж»-мен) сөйлеген деп, жер астынан жік шығарып, жаңа теориясымен атойлады. Ата мұра, ата домбыра, ата салт деп шыр-пыр болды. Көп дүниенің түйінін, табиғаты тылсым тілдік, тарихи құбылыстарды қыпшақ//қазаққа теліп, қарашаңырақты қазақтың керегесін кеңейте, түпсіз тарихын тереңдете түсті.
Дәстүрлі түркологиялық мектептің нанын татқан ғалымдар қауымының бұған күле қарарына, қарсы шығарына сөз бар ма?!. Он ғалымның, кәнігі маманның тоғызы оған қарсы; олай болуы да заңды, өйткені жүздеген жылдар сартап болған ұлы жол бар, бағыт-бағдары айқын ғылыми мектеп бар, жастарды жолға салатын ғылыми жетекші бар... Сол көптің бірі ретінде біздің де аз-кем қарсы айтар уәжіміз, дауласар тұсымыз бар. Десекте...
Ағысқа қарсы жүзу, терістеуді терістеу екінің бірінің жүрегі дауаламас һәм әркімнің басына бұйыра бермес не бақ, не сор! Осы бір азапты жолда жарты ғасыр жалғыз жортқан Қаржекеңнің бірақ біз белі қайысқанын, беті қайтқанын көрген емеспіз. Әр жылда әуейідей дала кезген, мола қазған, таңбалы тас тапқан сәттерінен бойына қуат, жанына жылу жинаған ғалым, оқымысты Қаржаубай Сартқожаұлы барын, нәрін туған халқына сыйлап, білем дегендерді білдіріп, танимын дегендерге танытып келеді. Бәрі Қазаққа болсын, әлем Алашты танысын, жалпақ дүние Түрік дегенде бағзы замандардағыдай бір сәтке тізесі дірілдеп, басын иіп, сыйлап тұрсын дейді.
Ғасыр қойнауындағы шыңырау-тарихқа жалаң шылбыр жалғаған, дала кезіп, шежіре-тастармен тілдескен, әруақ шақырып, бабаларымен тілдескен Қаржаубай баһадурды Ағартушы – Білге қаған демегенде ендігі жерде кім дейміз?!.
Мыңжылдықтардан аттап өтіп, жер асты мен жер үстінің барша таңба-мөрін Алашының жүрегіне жылу қылып құйып жүрген ғалым ағамызға ақ жол тілейміз! Танық тарихымыздың анық болғанын, Мәңгі елдің сағым болмай, бар болғанын, ұл-оғландарының нар болғанын бірге көрелік!
Ғарифолла ӘНЕС