Майқапшағай кеден бекетінде контрабанда деген күдікпен ақшасы алынып қойған Гүлжан Мәуітханның ісі кедендік заңның солқылдақ екенін паш етті. Ақшасынан айырылып қалған ананы қоғам жалғыз қалдырған жоқ, қалың ел болып демеп, әлеуметтік желіде де үлкен қолдау көрсетті.
Алайда ол кісінің басындағы жағдай тағы да қайталанбайды деп айту қиын. Шетелден келетін кейбір қандастарда тіпті «Атажұртқа барсақ ақшамды тартып алып қояды деген» үрей тараған. Осындай жағдай қайталанып, азаматтар мен заң орындары әбігерге түспес үшін, ел дүрлігіп, үрейленбеуі үшін, шетелден елге келетін азаматтарға өз капиталын Қазақстанға трансфер жасаудың тиімді жолдарын, ақшаны елге әкелудің қауіпсіз аналогын халыққа жариялау мақсатында Қамшы тілшісі заңгер, саясаткер, экономисттерге хабарласты.

Экономистер Елге көшуге ниет еткен шетелдегі қандастарға ақшаны елге қауіпсіз әкелудің бірнеше жолдарын ұсынады:
Біріншіден, Қазақстандағы туыстарына банк шоттары арқылы немесе электрондық аударым жолдары арқылы ақша аудару. Тіпті өз төлқұжатына аударым жасау.
Екіншіден, біржола қоныс аударудан бұрын жер жағдайымен танысуға, сатып алуға үй қарау мақсатында елге келгенде қазақстандық банктерден шот аштыру, өзінің Қазақстаннан ашылған есебіне көшіп келетін елінен ақша аудару.
Ал, Саясаттанушы Ерлан Саиров құқықтық көмек көрсететін орталықтың қажет екенін айтады.
Ерлан Саиров, Саясаттанушы:

Бізге шеттен келіп жатқан қандастарға көмектесудің институттары жасалуы керек. Өйткені олар Қазақстанға келгенде әдет-ғұрып, тіл және басқа мәселелер бойынша өздерін қоғамнан оқшау сезінеді. Тіпті әділетсіздіктерге ұшырайды. Олар шекаралық бақылаудан өткен кезде Қазақстанның заңдарын білмегендіктен көптеген қысымға тап болады. Қазір айтып жүргеніміз бізге жеткен, білетін жағдайлар ғана. Алайда заң бұзушылықтар тек осылар деген сөз емес. Ешкімге белгісіз болып қалған қаншама фактілер бар. Әділетсіздікке ұшыраған кейбір қандастар ондай мәселені айтуға ұялады, тіпті қорқады. Қандастарымыз Атажұртқа көшкен кезде өзін-өзі жақсы сезінуі үшін қоғамдық ұйымдар қажет. «Қазақстанның қай аймағына көшіп барған дұрыс?» деген сияқты ақпараттық кеңес берілуі, Қазақтың қоғамы оларды жақсы қарсы алып жатқаны туралы қоғамдық пікірді қалыптастыруымыз тиіс. Қандастарымыздың бүкіл тұрмыстық тіршілігіне көмектесетін, елге сіңісіп кетуіне көмек беретін Алматыдан немесе Астанадан бір орталық қажет. Ол орталық аймақтық әкімдермен бірлесіп, «Мынадай ауданға барсаңыз мұнша гектар жер береді» деген сияқты ақпараттық база жасауы қажет. Біз оны құруға күш салып жатырмыз. Азаматтық қоғам тұрғысынан Қазақтың әлеуметтік оптимизмін көтеретін, барлығымыз бір ұлт, бір халық екенімізді дәлелдеп отыратын бірлік қажет. Солай болса бұл мәселелер өзінен-өзі шешіледі.
Абзал Құспан, Заңгер:

Бұдан кейін де көптеген қандастар Гүлжан Мәуітхан жолыққандай жағдайға тап келуі мүмкін. Сол себепті де біз осы мәселені жалпыхалықтық деңгейде көтеріп, барынша қоғамдық резонанс туғыздық. Екі нәрсені түсінуіміз керек:
1. Елге келушілердің капиталына шектеу қою Совет үкіметінен қалған сарқыншақ. Ешқандай қажеттілігі жоқ ақылға сыймайтын заң. Заңның осыған қатысты бабына декриминализация жасау керек. Елге келушілердің капиталына шектеу қою бөлігін алып тастау керек. Совет үкіметі ғана жабық есік жағдайында өмір сүріп, елге келушілердің долларына, ақшасына шектеу қойды. Әлемдегі барлық елде елден шығарылған ақшаға шектеу бар да, елге келген ақшаға шектеу қойылмайды. Керісінше елге көп ақша келсе қуанады. Ол дегеніңіз елге тегін келіп жатқан инвестиция.
2. Жалпы елге келушілердің өзімен алып келген ақшасына шектеу қою экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтірмеуді көздейді ғой. Алайда, дәл осы Гүлжан Мәуітхан сияқты елге көшіп келе жатқан қандастардың жиған-терген қаражатын елге әкелуі керісінше елдің экономикасына пайдалы. Аз сома болсын, көп сома болсын Қытайдың ақшасын әкеліп Қазақстанның экономикасына салғалы жатыр.
Шындығын айтар болсақ, бізде Ресейдегідей емес заңгерлердің қоғамы дамымай қалған. Заңгерлерді осындай мәселеге үн қатуға шақырсаң ат салыспайды, пікір жазбайды. Бізде көбіне мәселе көтеріп жүретін журналистер. Оның өзінде ұлттық мәселелер төңірегінде ғана ұйыса аламыз. Мен осы орайда тиесілі заңға өзгеріс қажет екенін депутаттарға түсіндірдім. Олар мәселені Парламент мінберінде көтереміз деп отыр. Дегенмен ол заң қабылданғанға дейін ешкім келмей отырмайды ғой. Көш жалғасады.
Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Атажұртқа келем деп көшке ниет отырған шетелдегі барша қандастарға мынадай заңгерлік сәлем жолдаймын:
Біріншіден, Шетелден келетін қандастарымыз қандай көлемде қаражатпен келсе де, 50 мың доллар, 100 мың доллар алып келсе де кеден бекетінде ешқандай да салық төлемейді.
Екіншіден, қандастарымыз өз қаражатының шығу төркінін, келу қайнарын ешқандай жағдайда түсіндіруге, дәлелдеуге міндетті емес.
Үшіншіден, қазіргі қолданыстағы заң 10 мың доллардан көп қаражатыңыз болса декларация толтыруды міндеттейді. Біреулер салық төлейді деп қорқытады екен. Салық төлемейді. Оны толтырып беру қажет. Гүлжан апаның басындағы ерекше жағдай: Отбасындағы 6 жан 10 мың доллардан асырмай, әр қайсысы қалтасына салып бөліп алып келе жатқан. Демек олар заңды біледі. Бірақ, кеден бекетіндегілер оларды қорқытқан. Ақшаның бәрі бір адамдікі деп айтуға мәжбүрлеген. Тіпті одан кейін де олар ақшаны тәркілей алмас еді, Гүлжан апа Мәуітханнан кеткен жалғыз қателік бір парақ декларацияны толтыра салмағандығы. Кеденнен өтіп келе жатқан әр азамат қалтасындағы ақшаның өзінікі екенін айып, позициясында нық тұра алса кедендегілердің оны тартып алуына, қандай да бір күш қолдануына ешқандай құқы жоқ.
Осы қарапайым ғана нәрселерді қаперіне ұстаса дейміз. Бұған ешқандай заңгерлік түсініктің де қажеті жоқ!
***
Қадірменді оқырман!
Заңгер Абзал Құспан шекарада осындай келеңсіз жағдайларға тап болған жағдайда барша қандастарға заңгерлік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Егер, Сіз елге келе жатып, кеден бекетінде жоғарыдағыдай келеңсіздікке тап болсаңыз редакциямен байланысыңыз! Заңгерлік, ақпараттық кеңес көрсетуге міндетті түрде мұрындық боламыз!
8(727) 3547695 // + 7701 5509279
«Qamshy.kz» ақпараттық агенттігі