Ресей Байқоңырдан кезекті "Протон-М" зымыранын ұшырды

/uploads/thumbnail/20170708155008830_small.jpg

Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағынан 21 қазан күні Астана уақытымен сағат 21.09 кезінде ұшырылған ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы жоспарлы уақытында орбитаға «Экспресс-АМ6» спутнигін шығарды деп хабарлайды Азаттық радиосы  Роскосмоске сілтеме жасап.

«Экспресс-АМ6» спутнигі 22 қазанда Астана уақыты бойынша таңғы сағат 6.30-да «Бриз-М» үдеткіш блогынан ажыраған. Бұл биыл 16 мамыр күні болған апаттан кейінгі екінші ұшырылым болып саналады. Мамыр айында ресейлік «Экспресс-АМ4Р» байланыс спутнигін жер орбитасына жеткізбек болған «Протон-М» зымыран тасығышында ақау пайда болып, атмосферада жанып кеткен болатын.

Былтыр шілденің 2-сінде ресейлік үш «Глонасс» спутнигі тиелген «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере жарылып, Қызылорда облысының аумағына құлаған еді. Апат орнындағы зиянды заттардың шектік концентрациясы туралы екі елдің ақпараты екі түрлі болды. Сол апаттан соң қазақстандық белсенділер Ресейдің Байқоңырдан гептил қолданатын зымырандар ұшырмауын талап етіп қарсылық акцияларын өткізген еді. Алайда, Қазақстан ғарыш агенттігі мен Роскосмос Қазақстан азаматтарының Байқоңырдан аса зиянды отын пайдаланып ұшырылатын зымырандарға тыйым салу туралы ұсынысына ешқандай нәтижелі жауап бермеді. Байқоңыр ғарыш айлағы осы ғасырдың жартысына дейін Ресейге жалға берілген. Биыл Ресейде өз территориясында жаңа ғарыш айлағын тұрғызу мәселесі сөз болған еді. Алдағы жылдарда Ресей Байқоңырға ақша бөлуді қысқартуы мүмкін.

Қамшы-ақпарат

Қатысты Мақалалар