15 қазаннан бері Эбола вирусынан көз жұмғандар саны 322 адамға артып, 4877-ге жетті деп хабарлады 22 қазанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ). Бұл туралы ақпаратты «Азаттық радиосы» жазды.
Жаман дерттен қайтыс болғаны расталған адамдар саны кейде күрт көбейіп кетуінің себебі - ДСҰ індет ошағы - Батыс Африка елдеріндегі жергілікті жағдайдың күрделілігінен санақ тым баяу жүріп жатқандықтан болып отыр. ДСҰ Эбола індеті табылған жеті елді екі топқа бөледі. Алғашқы топқа індеттен ең көп зардап шеккен Либерия, Сьерра-Леоне, Гвинея елдері кіреді.
Екінші топқа індеттен азырақ зардап шегіп отырған Сенегал, Нигерия, Испания мен АҚШ жатқызылған. Өткен аптада Сенегал мен Нигерияда эпидемия аяқталды деп жарияланған. Испанияда жағдай вирус жұқтырған науқас ауруынан айыққаннан 42 күннен кейін белгілі болады.
АҚШ территориясында Либерияда жұмыс істеп, Эбола жұқтырып келген дәрігер қайтыс болған. Тағы екі медбике жаман ауруды жұқтырып алған. Айта кетсек, мамандар қарашада эбола вирусі Ресейге жетеді деген болжамдар жасады. Сондай-ақ Қазақстанға Өзбекстан мен Түркия арқылы да бұл індеттің таралу ықтималдығы бар. Қазақстан эбола індетінің алдын алу шараларын жасап жатыр.
Қамшы-ақпарат