Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы облыс әкімдеріне өкпелі. Ол аймақ басшыларының "өзара" футболдан жарысатынын құптаған жоқ. Бұлай деп Bnews.kz жазған.
Бүгін Нанкиндегі жасөспірімдер олимпиадасы мен Инчхондағы жазғы Азия ойындарын қорытындылауға арналған жиында, Атырау облысы спорт басқармасы басшысының баяндамасын министр бұзып:
"Менің бір сұрағым бар, Атырау облысы бойынша спортқа бөлінген барлық қаржының 67%-ы футболға арналады екен!? Ақшаның бәрін футболға жіберсеңіздер, әрине, басқа спорт түрі ақсайды. Сіздер сияқты, Ақтөбе облысы да қаржының көп бөлігін футболға жұмсайды. Бізде әкімдер футболдан жарыс ұйымдастыруға құмар. Отырып алады да, "менің командам ұтты. Сенің командаң ұтылды" деп жарысады. Футболға ақша қалай бөлінсе, спорттың басқа салаларына да сондай қаржы бөлінуі керек. Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе облысының Спорт басқармалары жағдайды түземесеңіздер, бөлінген ақшаны футболға ғана жұмсайтын болсаңыздар, әкімдеріңізге айта барыңыздар, Әкімдеріңізбен келісіп, тиісті шара қолданбасаңыздар, бұл сұрақты мемлекет басшысының алдына шығарамыз", - деген.
Қамшы-ақпарат