Америкалық New York Post басылымы «Марко Полоның Жібек жолы» атты қазақстандық ғылыми-көпшілік фильмінің АҚШ-тағы премьерасы туралы жазды, деп хабарлайды Қамшы ақапарттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Марко Полоның Жібек жолы» танымал италиялық саяхатшының желісімен 2016 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді», - делінген Мәдениет және спорт министрлігінің таратқан хабарламасында.
Фильм Нью-Йоркте Орыс-америкалық қорының бастамасымен Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтымен ұзақмерзімді әріптестігінің аясында көрсетілген болатын.
«Біз үшін Нью-Йоркте қазақстандық фильмді ұсыну үлкен мәртебе. Сөзсіз, бұл туынды америкалық көрермендердің үлкен қызығушылығына ие болады. Себебі ұлы Жібек жолының тарихы құпияларға толы. Онда ежелгі өркениеттер пайда болды және жойылып жатты. Оның бойында белгісіз шеберлер құны жетпес мәдени ескерткіштер салып кетті, танымал саяхатшылар керемет жаңалықтар ашты», - деді Орыс-америкалық қорының президенті Марина Ковалева.
«Марко Полоның Жібек жолы» ғылыми-көпшілік фильмі әйгілі италиялық көпес Марко Полоның Ұлы дала саяхаттары туралы кітабының желісі негізінде түсірілген. Фильмде Орталық Азия мен қазіргі Қазақстан шекарасына ерекше назар аударылған. Режиссерлік шешім ғылыми пікірталас пен тарихи қайта құруды ұштастырудың негізінде құралған.
«Марко Поло аталмыш кітаптың авторы болғандықтан ғана емес, Азия мен Еуропаны, көшпелі және отырықшы мәдениеттерді байланыстырған ірі тарихи тұлға болғандықтан, үлкен қызығушылыққа ие. Азия Еуропалықтар үшін көп ғасырлар бойы белгісіз болып келді. Олар Марконың кітабы арқылы Қытайды, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияны ашты», - дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов.
Милан қаласында Африка, Азия және Латын Америкасы фильмдерінің 27-фестивалінде арнайы жүлдеге ие болған фильмнің эксклюзивті көрсетілімі Нью-Йорктің Ұлттық өнер қоғамында 2017 жылдың 8 маусымында өтті.
Аталмыш беделді қоғамдық ұйым АҚШ-тың өнерді дамыту саласындағы ең ежелгі ұйымдарының бірі. Оған танымал режиссер Мартин Скорсезе, актерлер - Итан Хоук, Роберт Редфорд, Ума Турман, сонымен қатар ірі америкалық музейлердің басшылары, танымал суретшілер, мәдениет қайраткерлері мүшелік етеді.