Қазақстан кедендік кедергілерді алып тастап, Қытайдан келетін туристерге виза беру рәсімін жеңілдетті. Бұл жылына бес миллион автотуристің елімізге еш тежеусіз келуіне мүмкіндік туғызады.
Кеше, 8 маусым күні, 18 адамнан тұратын автотуристер тобы 5 автоүймен Қазақстан-Қытай шекарасынан өтіп, EXPO-2017 көрмесіне бет алды. Көрмеге дейін олар Алматы қаласы мен облысын аралап, Балқаш көлінің бойымен Қарағанды мен Астана қалаларына бет алады. Сондай-ақ олар Астана қаласындағы EXPO-2017 көрмесін тамашалап, Көкшетау қаласын, Щучье-Бурабай аймағы мен Шығыс Қазақстан аумағын аралауды жоспарлап отыр.
Туристердің Қазақстан территориясына автокеруен арқылы келуі еліміздегі виза беру мен кедендік рәсімдерді оңтайландыру жолындағы қадамдарының бірі бола тұрып, елдегі индустрия саласының дамуына өз септігін тигізеді.
«Бұған дейін біз үлкен топ туристерді кіргізе алмайтын едік. Себебі олардың әрқайсысы бөлек виза алу рәсімдерінен өту керек еді. Бұл 200 адамнан тұратын топ үшін мүмкін емес еді. Ал қазір біз бірыңғай топтық виза рәсімдей алатын болдық. Бұл айтарлықтай уақытты үнемдетеді және де Қазақстанның туристік бағыт ретінде тартымдылығын арттырады. Оған қоса, көліктерді кеден арқылы кіргізу рәсімі де жеңілдетілді. Осы топпен біз барлық рәсімдерді 2 сағаттаға-ақ өттік. Мұның бәрі Қазақстандағы туризм саласының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Ал көлік керуені туризмі туралы айтатын болсақ, осы жазда біз Қазақстанның барлық аумақтарына сапар шегетін 400-500-ге жуық автокөлікті күтудеміз», - дейді отандық туризм саласындағы сарапшы Ая Құсайнова.
Сарапшының айтуынша, Қытайда тек қана автоүймен сапар шегетін туристер саны жылына 5 миллионға жетеді. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының бағалауынша, осындай туристік бағыттарды одан әрі дамыту үшін кэмпинг пен автоүйлерге арналған тұрақтардың инфрақұрылымына инвестиция тарту қажет. Алматы қаласының әкімдігі мемлекеттік және жеке-меншік секторлардың әріптестігі аясында автоүйлерге арналған арнайы тұрақтарды дамыту мүмкіндігін қарастырып отыр.