Оралда отаршылдық езгіге қарсы күрескен батыр, әйгілі шешен Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған «Айбынды жігіттер-2017» атты аймақтық байқау мәреге жетті, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Мақсат – қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым батырдың есімін ұлықтау арқылы ел ішіндегі сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі жастарды анықтау. Байқауға Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облысының аудандарынан келген 19 бен 29 жас аралығындағы 12 үміткер қатысты. Байқаудың бірінші күні. Сайыскерлер алдымен садақпен нысана көздеу арқылы өз реттік нөмірлерін анықтады. Жігіттердің білек күші ұлттық ойындар арқылы сыналды. Аударыспақ – күш-жігермен қоса асқан ептілікті талап ететін спорт түрі. Сондықтан болар, үміткерлердің бұл кезеңге мықтап дайындалғаны байқалды.
Олжас Тасберген, байқауға қатысушы: - Арнайы осы шараға байланысты Қызылорда облысында аударыспаққа дайындалдым. Орал қаласына жеңемін деген үмітпен, жалындаған жігермен келіп отырған жағдайым бар.
Байқаудың екінші күні. Отаршылдыққа қарсы күресте дана да дара, көсем де шешен, батыр да би ретінде танылған Сырым Датұлы ізбасарларының сахна төрінде сыналған шағы. «Тегімді менің сұрасаң» турында үміткерлер өздерін көрерменге әртүрлі қырынан таныстыруға тырысты. «Ескірмейтін есті сөз» сыны сайыскерлердің батырдың шешендік өнерімен қаншалықты таныс екендігін анықтап берді.
Әнуар Мұстафин, байқау жүлдегері, Ақтөбе облысы: - Сырымдай дана бабамыз – тілге шешен, батыр. Айтысымыз бар, осы айтыс арқылы балалар шешендігін танытады. Медхат Қамбетов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры: - Байқаудың мақсаты – егемендігіміздің арқасында салт-дәстүрлеріміз немесе жігіттердің жігіттігін көрсететін ұлттық ойындардың шеберлігін байқау. Сахна шеберлігі осы жерде таразыға түседі.
Байқаудың төртінші, яғни соңғы кезеңі «тас шайнап, құм түкірген» деп аталды. Мұнда сайыскерлерге қандай да бір өнерімен көрерменді таңғалдыру міндеті қойылды. Нәтижесінде Жұбаныш Түймешов, Әнуар Мұстафин мен Досжан Үмбетовтар үздіктер сапынан көрінді. Ал білек күшімен қоса шешендігімен дараланған Зеленов ауданының өкілі Ақтілек Сәрсеновты қазылар байқау жеңімпазы деп таныды.
Шолушы: Айгерім Таубай