«ҚАЗАНАТ» ИППОДРОМЫНДА АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІНЕН «ЭКСПО КУБОГЫ» ӨТІП ЖАТЫР

/uploads/thumbnail/20170710112808255_small.jpg

Астана қаласы «Қазанат» ипподромы аумағында ат жарысы өтіп жатыр деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі.

Жарысқа еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан, РФ, Қырғызстан, Өзбекстан мен Польшадан қатысушы шабандоздар келген.

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» өтіп жатыр. Жарыс барысында жиналғандар аламан бәйге, топ бәйге, жорға жарысы, құнан бәйге сияқты ұлттық өнер түрлерін тамашалауда. Шараның ұйымдастырушылары Алматы облысының әкімдігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы» мен «Қазақстанның бәйге түрлері қоғамы» болды. Жарыс жоғары деңгейде өткізіліп отыр. Ат жарысын көруге шамамен бес мыңдай адам жиналды деген ақпарат бар.

Осы орайдан Қамшы тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Қанағатов Елсияр Баймұхамедұлын сөзге тартты.

«ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 18 спорттық жарыс өтеді, соның ең маңыздысы Елбасымыздың жүлдесіне өтетін ат бәйгесі кубогы. Жарыс бағдарламасында аламан бәйге – 25 шақырым, топ бәйге – 15 шақырым, жорға аттар жарысы – 7 шақырым, құнан бәйге – 7 шақырым, 2400 және 1800 метрге ұшқыр аттар жарысы (гладкие скачки) өтеді. Ұлттық ойын түрлері аламан бәйге, топ бәйге, жорға аттар жарысы, құнан бәйге жоспарланған.

Жарыстың үзіліс кезінде джигитовка, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу сияқты ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылады.

Әрбір облыстың мәдени күндерінде 2 күн ұлттық спорт бағдарламаларын көрсетеді. Көкпардан бірінші рет әлем чемпионаты тамыз айында өткізілгелі жатыр. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесіне ат спорты түрлерінен «ЭКСПО КУБОГЫ» өтеді.  Аударыспақтан, жамбы атудан халықаралық жарыс өтеді. Сенбі, жексенбі күндері этно ауылдан ұлттық спорт түрлері көріністерін тамашалай алады», - деді Қазанат» ипподромындағы қарбаластық туралы Қанағатов.

 «Қазанат» ипподромы аумағына есігін айқара ашқан «ЭТНОАУЫЛ» ұлттық-мəдени кешені ерекше болмақ.

Кешен әртүрлі бағыттағы секторлардан тұрады. Олар келген қонақтарды ұлттық қолөнермен, дастарқан мәзірімен спорттық ойындарымен, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстырады.

Бүгіннен бастап 10 қыркүйекке дейін «ЭТНОАУЫЛ» нон-стоп режимінде жұмыс істейді. Мұнда түрлі фестивальдар, көрмелер, ат спорты ойындары өтеді.

Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасы Елсияр Баймұхамедұлының айтуынша, ұшқыр аттар жарысы бойынша (2400 және 1800м) сыйақы қоры – 63млн 600мың теңгені (200 мың долл.) құрады. Ұлттық жарыс түрлерінің сыйақы мөлшері – 36 млн теңге (115 мың долл.). Сома жүлдегерлер арасында 5-ші орынға дейін бөлініп беріледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау жарыс аяқталған соң жүргізіледі.

Ерлан Төлеубай

Қатысты Мақалалар