ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛЫНДАҒЫ ЕКІ ОЛҚЫЛЫҚ – EXPO ҚОНАҚТАРЫНА ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ

/uploads/thumbnail/20170710112832776_small.png

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және Даму министрілігі сайтындағы ақпарат бойынша, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияның 2016 жылдың 1 қарашасында өткен кезекті отырысында Қазақстандағы теміржол станцияларының атауын қарау мәселесі көтеріліп, онда комиссия мүшелерінің шешімімен 90 станцияның атауы жаңартылғаны туралы жазылған еді. Бірақ сол атаулар әлі жаңартылмаған сияқты. Әлеуметтік желіде пойыз билеттерінде қала аттары мен бекет аттарының, адам аттарының орысша жазылуына наразылық бар.

Жаңартылмаған билеттегі таңбалар ғана емес. Рухани жаңғырып жатырмыз, EXPO-мыздың тақырыбы да энергиялық жаңғыру. Алайда тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да санамыз жаңғыра алмай жатыр. Неге олай таусыламыз? Себебі Қазақстанда көлік қатынасына тиесілі атаулар әлі жаңаланбағанымен қоймай, жаңа қосылған пойыз атауларын да советтік сарқыншақ есіммен атайды екенбіз.

Қазақстан арнасының Басты ақпарат бағдарламасы жүргізушісі осыған байланысты әлеуметтік желіде мәселе көтерді.

«ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуіне орай қосымша пойыздар ашылыпты. Соның бірі Тараздан Астанаға қатынайтын пойызды 239/240-шы "Джамбул-Астана" деп атапты. Тәуелсіздік алған алғашы жылдар-ақ түзетілген, 20 жылдан бері ұмытыла бастаған бұл атауды "Жолаушылар тасымалы" АҚ қандай мақсатпен "жаңғыртып" отыр? "Компьютер қазақ әріптерін танымайды" деген баяғы сылтаулар енді айтылмайтын шығар. Ендеше, қандай себеп болуы мүмкін???», - деп сауал тастады Данияр Менилбеков.

Темір жол, әуе тасымалы саласындағы олқылық бір ол емес. Әлеуметтік желіде Алматы-Астана арасындағы көлік тасымалы бағасының өсуіне наразылық көп. Билеттің жетіспеушілігі үлкен проблемаға айналған.

Болашақ республикалық қозғалысы жетекшісі Дәурен Бабамұратов осыған байланысты әлеуметтік желіде пост жазды.

«Бәрі де түснікті. ЭКСПО-ның керемет ашылуымен бәріңізді құттықтаймын. Бірақ сұрауым бар, ЭКСПО-ға 1,5 миллион шамасында билет сатылды. Көптеген билетті басқа қалалардың тұрғындары сатып алғаны белгілі. Алайда пойыз билеттері бір ай бұрын жетіспей жатса, ұшақ үш қонып жетсе, трассаның қорқынышты жағдайы болса белгілі, біз Астанаға қалай жетеміз? Әлі де кеш емес, қосымша пойыздар мен ұшақтар шығарыңыздар», - деп жазды Бабамұратов тиісті мекемелерді белгілеп.

EXPO деп ентіккендердің ЭКСПО өткенде «туристердің ақшасына қарық боласыңдар» деп келе жатқанына біраз жыл болды. Қара халық сол ЭКСПО-ға барып қалтасындағы қаражатын төгіп бермесе, уыстап алып кетпейтіні белгілі. Керісінше уыстап ақша табатын әне сол «Қазақстан темір жолы», «Air Astana» сияқты алпауыт компаниялар. Алайда олардың халықтың ыңғайына жығылатын, мемлекеттің тілін, тұрғындарын құрметтейтін ойы көрінбейді.

 

Ақан Бектас

Қатысты Мақалалар