«Астана ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында Ұлыбритания павильоны келушілерге есігін ашты деп жазады Qamshy.kz
Өзінің инновациялық мәдениетімен таныстыруға келіп отырған Ұлыбритания павильонының тақырыбы жалпы көрменің ұстанған бағытымен үндес. Британдықтар «Энергия – ол біз» деген ұранмен өздерінің энергия және тау-кен саласындағы ғылыми және инженерлік тәжірибесімен бөлісіп, жұмыстарымен таныстырады.

Мұнда келушілер көрменің ортасына қарай қараңғы дәлізбен өтеді. Аумағы 17 метр, 40 мың пиксельді панорамалық экранда айналадағы табиғи әлем көрсетілген. Бұл графика 8 мың компьютермен жасалған. Егер жақындап қарайтын болсаңыз, ағаштардағы жапырақтардың қозғалатынын байқауға болады. Панораманың ішінде қазақтың киіз үйінің сәулетімен жасалған шыны құрылым бар. 200-ге жуық уық тектес поликарбонатқа қолды тигізсе, сол сәтте-ақ жарық жанып, дыбыс пайда болады. Айналадағы панорамадағы бейне күннен түнге, күннен түнге біртіндеп ауысады. Осылайша, авторлар табиғатқа энергияны адам сыйлайтынын жеткізгісі келген.