«Адасқанын жолға салдық, бұл ноғайлы ұлының»
- Қотан ақын
Біршама жыл бұрын наймандағы қаратайлықтардың шолақ белсенділері Тайатқан-Шұнақ деген жерде бір иесіз тұрған мазарды өздерінің бабалары Қаратайдікі деп, басына қызыл граниттен құлпытас қойған еді. Кеңес дәуірінде журналист болып, коммунистік насихаттың айла-тәсілдерін жақсы меңгерген қаратайлық Әділбек Құмарғажин кеңестік журналистердің қарқынымен өтірікті суша сапырып, Қаратайды «великий батыр» деп шығарма да жазыпты. Тоғыз таңбалы найманның шежіресін жазып кеткен қаратайлық Социалистік еңбек ері Бошай Кітапбаевтің өзі бұл Қаратайды батыр демеген. Елбасының тапсырмасымен жазылған «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының «Найман» атты тарауы осы Бошай атаның деректерімен негізделген еді. Қой деп айтар Бошай атадан күш-қауқар кеткен соң: «Бошай ата алжыды, қазбалайтын ешкім жоқ», деген болса керек, бұлар министрлікте комиссия құрғызып, қазақ халқын босқын торғауыттардан аман алып қалған жалғыз батыр ретінде Қаратайға ескерткіш қойдыртуға рұқсат алып, Алтайдың аясында атынан түсіп жаяу тұрған Қаратай деген жалған батырдың мүсінін қойдыртыпты. Ақыл айтар адамдары да, болмағандай, өйткені аттың үстінде отырмаған батыр, батыр емес. Батырларды тек аттың үстінде ғана бейнелейтін үрдістің бар екенін білмегендері ғой.
Қалиқан Ысқақ марқұмның айтуынша, төңкеріске дейін Қаратайдың ұрпақтары 27000 мың болған, қазір 15000 мың түтін. Бұлардың айтқанындағы жалған батыр Қаратай менің Көкжал Барақ бабамның замандасы болып тұр. Сонда, алты қатын алған менің бабамнан бүгінгі күні өскені небәрі 2000 мың түтін де, ал қаратайлар дегеніміз бір тайпа ел болып тұр. Әділбек Құмарғажиннің айтқанында 50000 мың түтін. Сонда қалай? Бұл Қаратай дегендерінің ұрық қалтасы Ермұрат Бапидің айтқанындағы «медаль алған Қошқар шалдың е.....дей болғаны ма?
Бошай атаның, Егізбай Қарпықтың айтқандарында қаратай елі 1751-1754 жылдары Алтайға келіп қоныс тепкен. Бұларды Алтайға Қаратайдың жетінші ұрпақтары деген Есбол би, Мая билер ертіп әкелген. Оралхан Бөкей марқұм 1730 жылды айтып кеткен. Оралхан Бөкейдің айтқан Жәнібегі қаратайлық емес, анығында керейдің хас батыры Жәнібек еді. Қаратай елін Боранбай би мен керей Жәнібек Тайатқан-Шұнақтан Көкпекті маңына көшіріп әкеліп, осы жерден көш екіге бөлініп, бірі Алтайға, бірі Тарбағатайға кетеді. Тарбағатайдағы Маңыраққа кеткен Қаратайдың Кәлім, Байғана, Болаттары Байжігіттермен қақтығысып қалған соң, оларды Қабанбай, Көкжал Барақ, Майлы батырлар Алтайға ертіп әкеліп туыстарына қосқан. Осы кездің өзінде Қаратай жалғыз емес, бір тайпа ел болған. Осымен қатар, 18-ші ғасырдың аяқ шенінде Қаратайдың жетінші ұрпағы атақты Мәметек би, сегізінші ұрпағы Шәкен билер өмір сүрген. Мәметек бүкіл Қаратайдың биі болып, Қытай императорынан «амбара» деген атақ алған. Шәкен би Ирек асуына адасып әрең жеткен 200 Қытай әскеріне көмек көрсетіп, соның үшін Қытай үкіметінен сый-құрмет алған. Бұл оқиғалардың бәрі 18-ші ғасырда, 1751-1780-ші жылдары болған. Осылай болғанда, бұлардың жетінші аталары Қаратай, 1771-ші жылы Тайатқан-Шұнақта орыстардан босып қашқан торғауыттармен соғысқан Кіші жүздің қазақтарының арасында қайдан жүр? Шежіреде бұлардың аталары Қаратай, 1771-ші жылқы жылының күз айында қаза болған Көкжал Барақтың бесінші атасы Тілеубердімен бірге Ұлатемірден тарап тұр. Иә, «Көрмес, түйені де көрмес» деген осы екен.
Мәселен, осы істің басы-қасында болған Қалиқан Ысқақ марқұм өзінің жазғандарында: «Қилы-қилы заманда Сырға дейін босып, бабасының моласын Қаратауда қалдырып, атасының зиратын Арқадағы Тайатқан-Шұнақта тастап, Маңырақтан ата мекені Қатын Қарағайға 18-ші ғасырдың ортасында сүлдерін сүйретіп зорға жеткен Ергенектінің Қаратайы...» дейді. Демек, 18-ші ғасырдың ортасы Бошай ата айтқан 1751-ші жыл болып тұр. Қалиқан Ысқақтың айтқанында Қаратайдың зираты Тайатқан-Шұнақта осы кезде тасталған екен. Сонда, 1771-ші жылғы «Шаңды жорық» болғанда, Қаратайдың қайта тірілгені ме?
Абылай ханның, Қабанбайдың, Көкжал Барақтың замандарында Найман елінде Қаратай деген батыр болмаған. Мен наймандардың батырларын, Рашиден «бектердің бегі» деп атаған найман Көксау Саурықтан бастап білемін. Қаратайда Оралхан Бөкеймен аталастар - Дүзбенбек және Көкі деген батырлары болған. Қаратайлық Мақажан ақын Дүзбенбек батыр туралы: «Дүзбенбек тірі кезінде, Сыртынан жауы батпаған. Ақ кәусармен суарып, Наркескен еді-ау саптаған!» деп айтқан еді. Қаратай-шерушілерде Жәнібек, Көшкінші, Тайбұға деген батырлары болған. «Шыңғыс хан шежіресін» жазған тарихшы, Нұралы ханның інісі Сейдалы сұлтанның ұрпағы Арман Қият төре Орынбор мұрағатында мынадай деректерді тапқан. 19-ші ғасырда қазақтар Қаратайлап келіп бір тайпа елді шауып кетеді. Орынбордағы орыс әкімшілігі осы іс жөнінде Қаратай ханның ұрпақтарынан жауап алады. Сонда, ұрпақтары төрелердің ұранының Қаратай емес, Архар екенін, Кіші жүзде Қаратай деген батырдың болғанын, әлгі қарақшылар соның руынан екенін түсіндіреді. Тайатқан-Шұнақтағы мазар осы Кіші жүздің Қаратайыныкі болса керек. Кіші жүздің Байұлындағы Қаратай деген батырдың ұрпақтары «Қаратай» атты кітап жазып шығарыпты. Авторы Әленғали Керейтегі. Бабаларының жатқан жерін білмейді. Бабалары орыс үкіметіне қарсы шыққан соң, туыстары жасырын жерлеген болса керек. Кенесарының қолын басқарған Ағыбай батырды орыс үкіметі Түркістанға қойдыртпаған соң, халқы осы Тайатқан-Шұнаққа әкеліп қойған еді. Археологиялық экспедицияларға қатысып, талай қорымдардың қазба жұмыстарына қатысқан мен, Қаратайдікі деген мазардың 19-ші ғасырда тұрғызылғанын байқап отырмын. Бұл мазардың адайлардың үрдісімен тұрғызылғаны білініп тұр. Қазіргі таңда «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының төрағасы Серік Самарқан ресми түрде Кіші жүздегі Қаратай батырдың ұрпақтарымен Тайтақан-Шұнақтағы мазардағы мүрдеге генетикалық сараптама жасатауға келіссөздер жүргізіп жатыр. Айта кету керек, Серік Самарқан Шыңғыс ханның жатқан жерін болжап, қорымға археологиялық алдын-ала барлау жүргізіп, зерттеудің қорытынысын қолына алған адам. Алдын-ала қорытынды жасаған «Әль-Фараби» университетінің археологы Ринат Жұматаев. Қазір сканерлік жер асты зерттеулеріне дайындалып жатырмыз. Мазардың басына барса, ол жерде кімнің жатқанын Серік анықтай алады.
Анығында, наймандағы Қаратай дегеніміз тарихи тұлғаның емес, елдің атауы. Бұлардың шежірелік аталары Қайыпберді шамамен 15-ші ғасырда өмір сүрген. Ертеде қаратайлықтар қара аттың ізін періштенің ізіне санап, жерге түскен іздің ортасынан бір шоқым топырақ алып дорбашыққа салып, баланың бесігінің бас жағына іліп қоятын болған. Демек, қара тайдың ізін сақтамдық мақсатында қолдану дегеніміз, бұл елдің тотемінің қара түсті жылқы малы болғанын білдіреді. «Қара тайға мініп бәйгені алған», «Қара тайдың ізімен кеткен» деген шежіре аңыздары осыдан айтылған. Ертеде ителі керейлер бұлардың бір текті сәйгүліктен туған қара тайын ұрлап әкеткенде, әлгілер қара тайдың ізімен жүріп тауып алып, осыдан кейін Қаратай елі атанып кеткен екен дейді тектілер. Қаратайлардың бабалары іште жатқан құлынды таныған мықты атбегілер болған. Құлагердің Өр Алтайдан алынғаны анық. Құлагердей дүлдүлдің тұқымын Өр Алтайда бір алса, керей де емес, самай да емес, қаратайлар ғана алулары мүмкін.
Найман арасында «тірі энциклопедия» атанған шежіреші Мәлік аға Мұқашұлы марқұмның руы Байжігіт болса да Қаратайдың, Әбдікерім болыстың тарихын жақсы білген еді. Кезінде Мәлік ағаның құдасы, Дәулетбай батырдың ұрпағы Әрімжан ақын Тарбағатайдан Алтайға барып, қаратайдың болысы Әбдікерім сыйлаған төрт аяғы бірдей құла жорғаны Мәлік ағаның атасына тарту етіп, өзінің бүкір ұлына шежіренің апайы Мәриямды алып берген екен. Бұл құла жорға жөніде Әрімжан ақын: «Құрметпен астыма бір ат берді, Табаны кере қарыс құла ат берді» деген еді. Құйма құлақ Мәлік ағаның айтқанында, Әрімжан ақыннан қалған әңгіме: Әбдікерім болыс Қаратайлардың Алтайға келгенінің себебін олардың әккі атбегілер болғанымен түсіндірген екен. Текті сәйгүліктерді үйірімен баптаған қаратайлар жылқыларының жілік майы қысы-жазы үзілмес үшін осы көк орай шалғын өлкені әдейі таңдап, бір үйір текті сәйгүліктерін ұрыңқайлардың көсемдеріне беріп жерді алған екен. Текті жылқыны ұстамаса, бір үйір сәйгүлік қаратайда қайдан жүр? Қырық бесін берген дейді. Осыдан біздер қаратай-шерушілік феодал болған Иса Маңырақұлының: «Қаратайлар қара тайдың ізімен Алтайға келген» деген сөздерінің төркінін түсінеміз. Сұлтанмахмұт Торайғыров ғашық болған Әбдікерімнің қызы Бағила: «Мың-мыңдап қалың жылқы айдаса да, Билігі келе алмайды-ау, бір-бір тайға» дегенде осы қаратайлықтардың әйгілі қара тайларын айтқан еді. Яғни, Бағила сұлу қаратайлықтардың бір тайын мың жабыға теңеген. Бұл тектілердің айтып кеткендерін кейінгі қаратайдың билік тізгінін ұстаған жарлы-жақпайлардың ұрпақтары ұқпаған. Менің қолымдағы болыстардан қалған шежіреде: «Ергенектінің қалмақ қатынынан туған: қара тайға мінген бала бәйгенің атынан озып келіп Қаратай атанғандар» деп айтылған. Осы деректен біздер қаратай елінің нағашы жұрты қалмақтардың қара түсті төтемдік сәйгүліктерін ұстап мінгендерін болжай аламыз. Бұл жерде «Қаратай атанғандар» деп бала емес, ел айтылып тұр. Қалмақтардың аттары кілең текті қара ат болған. «Не көрдің қара ат, не көрдің?» деген сөздің қалмақтардан қалғаны белгілі. Арғықазақ мифологиясында қара аттың қалмақтікі екені нақты айтылған. Ресей Алтайындағы қаратайлықтармен шекаралас Қосағаштық қазақтардың мифологиясында қазақтардың бір қара атты бәйгеге қосып, кейін, алдына жан салмаған бұл қара атты қалмақтар ұрлап алып қамап қойғанда, биік қорғаннан секіріп кетіп қазақтарға қайтып келгені айтылады. Қорғанның орны да сақталған. Міне, аңыздағы қара тай - осы әйгілі қара аттың тұқымы болады. Қалмақтар өздерінікін танып алып кеткенде, қара ат қазақтарға қайтып келген. Яғни, қаратай – қазанат, қалмақ, қырғыз, адай жылқысы деген сияқты, жылқының бір тұқымын білдірген болса керек. Бәйгенің алдын бермеген әйгілі қара тай. Осыдан ел аты пайда болған. Қазақ арасында Қаратай атауының көп кездесетіні де осыны растап тұрғандай. Ханның да аты Қаратай еді. Керейлер қаратайлықтардың биелерін де ұрлап әкетіп отырған. Бұл биелерге қайсы айғырды салсаң да, кілең сәйгүліктерді табатын болған екен. Ұлы Абайдың тойында Ғабит Мүсіреповтың қаламына ілінген «Бошайдың үш қарасының» Құланқарасы мәреге «ауыздықпен алысып» жеке дара жалғыз келген дейді. Бұл аңыздағы қара тай мен қара аттың Кеңес дәуірінде тұлғаланған бір көрінісі еді.
Қазақта жылқының атымен аталған енді бір ел алшындар. Алшын ата дегеніміз анығында алаатчин, яғни алаатшы, ала ат елі, қытайлар айтқан элючжи – страна пегих лошадей. Осы сияқты Қаратай дегеннің де бастапқы нұсқасы қараатшы, караатчин, карачин, яғни қара ат елі болуы мүмкін. Қазіргі маңғолдарда бөріжігіндер мен сары қыпшақтардың (шара) қосындысы – харачин деген этнос бар. Міне, осы харачин дегендердің бастапқы атаулары қара атшы болса керек. «Құпия шежіредегі» бөржігін әулетіне жататын қоңқатан-хонхотон дегенді ғалымдар үлкен мұрын деп түсінідерді. Шоңмұрын, яғни үлкен мұрын дегеніміз осылар. Бошай ата осы шоңмұрындардан еді. Шежірелік хонхотон, яғни, қоңқа танаулар мен хотонның түбі бір. Қазіргі қаратайлықтардың мекені Қатонқарағай осылардың атымен аталған болса керек. Тарихшылар Байұлындағы масқарларды да хотондар дейді. Қазіргі маңғолдарда ең теткі халық саналатын кірме хотондарда масқар руы бар. Масқардың бір таңбасы наймандікі. Жоғарғы Байұлының Қаратай атты батыры осы масқарлардан шыққан. Қаракерейдегі Байыс тармағындағы үлкен мұрындар тағы бар. Хотон дегендердің үлкен мұрындар екендері анық. Бұл үлкен мұрындардың жалпы атауы осы хотон болғанда, нақты тарихи тұлға болған Байұлының Қаратайын шоңмұрын деп шартты түрде айта аламыз. Қаратай деген нақты батырдың біздің қаратайлықтарға қатысы осыдан ғана. Масқарлардың Байұлында жүргенінің себебі, бұлардың түп-тамыры бөржігіндердің адай екенінде болса керек. Бөржігіндердің атасы Боданжардың (Бөтенсары) баяуыт-мағалықтан, яғни, байұлы адайдағы мұғалдан туғанын «Қамшы» порталында жарық көрген «Шыңғыс хан және қыпшақтар» атты мақаламыздан біле жатарсыздар. Маңғолдардың генетик ғалымы Батбаярын Херлен байұлының 18 тайпасының өкілдерінің ДНК белгісінің С-3, маңғол халқының отыз пайызымен сәйкес екенін айтады. Шыңғыс хан әулетінің, яғни, төрелердің ДНК белгісі де осы С-3 белгі тобы қатарына жатады.
Әділбек Құмарғажин айтқан 1771-ші жылы құрамында қаратайлар жүрген Көкжарлы руы Шығыста қоныс теуіп қойған. Казақ жерінен үшке бөлініп өтіп кетпекші болған торғауыттарды Көкжарлы руының қолын басқарған менің бабамның Шар өзенінің маңында тоқтатқаны жөнінде «Қазақ батырлары» атты топтамада айтылған. Яғни, Көкжарлы руы Кіші жүздің жері саналатын Тайатқан-Шұнаққа бармаған. Найманда ғұлама атанған байжігттік шежіреші Ғұлам Қадырдың, және де «Тағлым» атты шежіре-кітаптің авторы Егізбай Қарпықтың, қаратайлық Иса Маңырақұлының, шежіреші Мәлік аға Мұқашұлының айтқандарында Қаратай елінің ұраны Көкжал Барақ болған. Иса байдың немере қызы Қайныш апайдың әлі көзі тірі: «Ұранымыз Көкжал Барақ қаратай болған» деп отырады. Қаратайдың балуандары да Барақ бабамыздың атын айқайлап ортаға шығады екен. Демек, қаратайлықтар Көкжарлы руының ұранын ұстанған.
Қазіргі Катонқарағайда тұрған ескерткішті «Құл-Мұхамедтің Қаратайы» деп, жоғарғы Мәлік аға атап кеткен еді. Өйткені, бұл ескерткішті қоюға арналған мемлекеттік комиссияның отырысын мәдениет министрі қызметін атқарып жүрген Мұхтар Құл-Мұхамед ұйымдастырған екен. Осы министрге қатысты мына әңгімені айтып кетуді жөн көрдім. Алаш арысы Райымжан Мәрсекке Семей қаласында бір көшенің атын бергіземіз деген Райымжанның немере қарындасы Тұрдықан апайымыздың бармаған жері, баспаған тауы болмапты. Қайда барса да, сол баяғы, құрғақ уәде. Парламент депуттарынан қусаң құмалақ түспеген соң, ақырында министр Құл-Мұхамедке де жолығыпты. Министр де құрғақ уәдесінен басқа еш көмек көрсетпейді. Сол кезде үміті өшкен апайымызға Қазақстанның жағдайын жақсы білген бір жанашыр, бұл мәселеге тек қана қалталылар, не болмаса, биліктің құлағын ұстаған таныстар ғана көмек бере алатынын айтады. Яғни, «көз қысты, бармақ бастысыз» бұл істің тынбайтынын түсіндіреді. Өзі туып өскен Қытай еліндегі қатаң тәртіпке үйреніп қалған апайымыз, істің бабын енді ғана түсініп, таныс-тамыры арқылы көкейкесті мәселенің түйінін бір-ақ күнде шештіртіп алған екен. Сонда, күллі қазақ мойындаған Алаш арысы Райымжан Мәрсекке қатысты мемлекеттік коммисияның отырысын Құл-Мұхамед неге ұйымдастырмаған? Бұлардың жалған батыры Алаштың арысынан артық болғаны ма? Әлде, жалған батырды насихаттаған Шығыстағы қаратайлық қалталылардың қарқындары мықты болды ма?
«Көсемдері елді алдаса, көш бұзылар сақ болғын» деп Кетбұқа бабамыз айтқандай, осындай «көсемдермен» біздер ешқашан да рухани жаңғыра алмаспыз. Кешегі қаратайлық азулылар: Ережеп қажы мен Әбдікерім болыс, Таңырық пен Мақажан ақындар, және де қаратайдың шежіресін алғаш хатқа түсірген Мұса би, қаратайдың арасында біраз өмір сүріп, Әбдікерім болыстың қыздарына ғашық болған көрнекті түркітанушы Сарсен Аманжолов пен ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтар, «Қаратай берекелі ел екен ғой, Шыңғыстай алтын бесік жер екен ғой» деп жырлаған байжігіт Әрімжан ақын, қаратай шежіресін жете зерттеген ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан, шежіре жазып жетпіс жеті атамызды айтып кеткен Бошай Кітапбаев сияқтылар Қаратайды батыр демегенде, мыналардікі не құтырған? Сұлтанмахмұт Торайғыров байжігіттердің арасында жүргенде Қоңыз батырдан менің бабам Көкжал Барақтың тарихын естіп, біздерге жазып беріп кетті емес пе? Қаратайда тектілердің тектісімен араласқан Сұлтанмахмұт, оларда Қаратай деген батыр болса, оның да тарихын солардың ауызан естіп, оны да жазып кетер еді ғой. Сұлтанмахмұт пен Сарсен аталарымыз таба алмаған Қаратайдың тарихын бұлар қайдан тапқан? Осындайда: «Үлкен керсен қалды да, ас құйылды тегешке, Үлкен билер қалды да, құлдар кірді кеңеске» деген шешендік сөздер есіме келеді. Ғаламторда: «Қарасай аз болғандай, енді оған Қаратай қосылыпты» деген сөз де айтылып жатыр. Бұндайды басқа ұлттың өкілдері жазып, жалғанды жалпағынан басқан қаратайлықтардың шолақ белсенділерінің кесірінен, Жамбыл атамыз Қабанбайға теңеп жырлаған тарихи тұлға Карасай батырға тіл тигізіп жатыр. Әрине, елбасының бабасы болған соң: «Қарасай жалған батыр» деп елбасының қарсыластары ғана айтады. Алай да, қазақтың жерін сатуды ойлаған ұрпағының сиқы осы екен деп, қазақтың бір телім жерін жауға бермес үшін жоңғарлармен Қабанбайдан бұрын алысқан Қарасай батырдың аруағына тіл тигізген күнә болады.
Тайатқан-Шұнақтағы мазарға құлпытас қойғандардың іс-әрекеттерінде Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» атты заңын бұзушылық байқалады. Мәселен, атам заманнан бері керей Жәнібек батырдың моласы біздерге белгілі. Бошай ата да ол жөнінде жазған. Алай да, Жарма ауданының әкімі болған Дүйсенғазы Мусин мырза бұл моланы иемдену үшін заңды қағаз талап етіп отыр. Заңды қағаз дегеніміз генетикалық сараптаманың қорытындысы болады. Яғни, моладағы сүйектің ДНК белгісімен Жәнібек батырдың жеті ұрпағының ДНК белгілерін салыстыру керек. Заңды қағаз болса мазарын өзім тұрғызып беремін деген уәдесі бар. Сонымен қатар біздер Көкжал Барақтікі деген екі қорымды тауып отырмыз. Мәдениет министріне ресми хат жолдап қорымға сараптама жүргізетінімізді жеткіздік. Рұқсатын алдық. Біздер ешкімге барып көз қысып, бармағын басқан жоқпыз. Өйткені, Көкжал Барақ пен керей Жәнібек батырлар - ұрпақтары күлкіге қалатындай батырлар болмаған. «Ана шал айтты, мына шал айтты» екен деп, таныс-тамырларымызды пайдаланып мемлекеттің заңын бұзып мұратымызға жетуден аулақпыз. Анау Ерлан Арынның бабасы Майлы батырдың мазарына сараптамасыз құлпытас қойылғаннан кейін дау шығып жатыр. Майлы батырдың ұрпақтарына айтарым: Тарбағатайдағы аталарыңның мазарына қатысты жазбаша деректер мен нақты мәліметтер керек болса маған хабарласыңыздар. Тарих пен шежіре әлемінде жәй, әншейін жүрген біреулер қарсы болды екен деп мойымаңыздар. Бұл мазарды 1976-шы жылы Тарбағатайда бірінші хатшы болып жүрген біздің әкеміз Зарыпхан Дәукеевтің, ғұлама шежіреші Ғұлам Қадырдың қатысуымен «Қазақстан энциклопедиясынан» келген ғалымдар анықтаған. Алай да, генетикалық сараптама жасатуға сзідер Қазақстанның заңы бойынша міндеттісіздер. Кезінде, шежіреші болған әкеміз марқұм өзінің қол астында қызмет жасаған Боашай Кітапбаевқа да, жақсы білген Оралхан Бөкейге де, Тайатқан-Шұнақтағы мазардың бертін салынғанын, Қаратайлардың бабасының бері дегенде Сібірді жауалған Ермактың тұсында өмір сүргенін айтқан еді. Қаратай десе жеген асын жерге қоятын Бошай ата, көзі тірісінде қаратайдың «көсемдерімен» бірге атақ үшін Тайатқан-Шұнақтағы мазардың басына ат борбайлап бармағаны осыдан. Бұлардың барғандары атақ емес, шатақ болды да, кәрі тарлан абыройын сақтап, ұлылығын көрсетіп кетті. Қасиетті Рамазан айында Аллаһ тағала оның жәнәттағы жанын разы қылсын! дейміз.
Қайрат Зарыпхан. Шежіретанушы. Өскемен.