Қызылордалық келін: Басымды қабырғаға соғып, қылқындыратын

/uploads/thumbnail/20170710161123687_small.jpg

Қызылорда тұрғыны өзінің Facebook  парақшасында бұрынғы күйеуінің өзіне көрсеткен қорлығы жайында жазып, оның қалай аяусыз ұрып-соққандығын әшкере қылды. «Ажырасқан» деген атқа ілігуден қорыққан бойжеткен мұндай мазаққа бірнеше уақыт бойы шыдап келген, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.

Жәмиланың айтуынша, ол күйеуімен некеде 6 жыл болған. Бірақ тек 3 жыл ғана бірге тұрған екен.

«Күйеуім маған бірінші рет қол көтерген кезде бақытым басымнан ұшқандай болды. Кейіннен мені ұрып-соғуды әдетке айналдырды. Бірнеше рет есімнен танып қалдым, ерінімді тіліп, қылқындыратын, сонан соң қорқыта бастады.

Ол менімен сөйлеспейтін, мәселенің мән-жайын анықтап алмай жатып ұрып-соғуға көшті. Шапалақпен ұрса мейлі, шыдауға болатын шығар, бірақ ол мені айуандықпен аяусыз ұратын. Тіпті, мені ұрып-соққаннан өзі ләззат алатын секілді. Сол себепті де бір айырылысып, бір қосылып жүрдік», - деп жазады ол.

Сонымен қатар, күйеуі оны аяғы ауыр кезінде де соққыға жыққан екен.

«Балам кемтар болып туылады ма деп қатты қорықтым. Абырой болғанда балам сау болып дүниеге келді. Тек ата-анама қыздары ажырасқан деген сөз келеді ма деп шыдап жүрдім», - деп жалғастырады сөзін.

Оның айтуынша, өткен жылдың сәуір айында барлығына нүкте қоюға мәжбүр болып, өмірінде адам сенгісіз оқиға болған.

«Үйде ұрысып қалған кезде оның әкесі мен анасы оны тоқтатуға тырысатын. Бір күні күйеуім керамикалық шәйнекті қабырғаға ұрып сындырды да, оның сынығын алып анасы мен әкесінің қолын жарақаттады. Осы оқиғаның барлығына біздің 3 жастағы ұлымыз куә болды.

Кейіннен маған тап берді. Мені үстімдегі жейдемнен ұстап тартып, қолымды кескіледі. Сәл болғанда менің артериямды кесіп тастайтын еді. Қолыма қарасам қан атқылап, тері астындағы майлардан етім көрініп тұрды», - деп еске алады ол.

Сол уақытта баласын алып, көшеге қашып шыққан Жәмила жедел жәрдем шақырып жатпай, такси ұстап дереу ауруханаға барған.

«Маған ауруханада алғашқы медициналық көм ек көрсетіп, жарамды таңып, тігіп тастады. Ауруханаға полиция қызметкерлері келіп, арыз жазып беруімді айтты. Мұндай жағдайда қандай жаза қолданатынын сұрағанымда, «Егер ресми некеде болса, бірнеше күнге қамалады немесе айыппұл төлейді» деп жауап берді. Демек, бірнеше күн ғана қамалып шығып немесе айыппұлын төлеп алып әйелін ұрып-соғуды жалғастыра берсе болады екен. Қорғансыз әйелдерге қатысты біздің заң неге сонша әлсіз?!» - дейді Қызылордалық бойжеткен.

Бұл іс сотқа дейін жеткенімен Жәмила сот отырысына бармаған, себебі моральдық жағынан еш қолдау көрмеген. Ал ол жерде бойжеткенді өзінің арызынан бас тартады деп шешім қабылдап қойған екен.

«Мұның барлығын бумеранг ережесіне қалдырдым да, өзім ары қарай өмір сүре бердім. Уақытында кетіп қалғаным үшін өзімді қазір жақсы сезінемін және де барлық қыз-келіншектерге осыған кеңес беремін. Оқиға насырға шаппай тұрып барлығына нүкте қойыңыздар...

Ақыры ажырастық. Ол үшін бұл жаңа өмір болар, ал мен үшін тек ажырасқан деген мөр. Адамдарға зәбір көрсетушілер үнемі оңай құтылып кетеді», - деп жазады Жәмила.

Шолушы: Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар