«Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» бәйгесіне!!!
Менің тегім - Тәңірқұт, Күнби қаған, Күлтегін;
Менің тегім - Қондыгер, Қондыгер дейтін құба жұрт, келелі елмін, Қаңлымын. Мен - Қаңлыдан туған хан болам. Мен дегенің Кетбұқа, Инаныш білге бұқамын. Мен ұлы да, ұлы үш жүзбін. Ұлыспын және арыспын. Мен дегенің тайпамын, тайпамын және барыспын. Мен деген бір румын, рулы ел, ұялы бұтақпын. Мен болсам бір атамын, атамын және ауылмын ...
Мен - ұлы ханмын һам кіші хан. Сұлтанмын және билермін. Мен рубасы һам ақсақал, ақсақал және ауылнай ...
Мен - қырғыннан қалған бір тұяқ. Елімді жау шапқанда қара ошақтың қасында аман қалған қара ұлмын. Үсті-басы қап-қара түріме қарап қалың ел «қара құрсақ» атаған.
Мен - Үйсіннен қалған бір тұяқ. Елімді жау шапқанда иенде иен далада, жападан жалғыз қалыппын. Аузыма құстар ет салып, аққұртқаны еміппін. Жауымда бұған таңғалып, атпапты мені атпапты. Атпақ түгіл қастерлеп, хан қасына ап қалыпты...
Менің атым Сабалақ. Астанамды жоңғар шапқанда, хан әкемді жауым атқанда, малайыма ілесіп, шын атымды жасырып, құтылып кеткен «сығырмын». Үрпиген мынау шашыма, алба-жұлба киіміме «сабалақ» атым жарасқан.
Мен - жақсыдан қалған жәдігер. Жалғыз тұқым боламын.
Мен - тарихтың ұлымын, құдіреттің құлымын. Тұқымын түгел құрттым деп ойласа да жауларым, ошақтан шыққан «тірімін».
Менің атым - карт тарих, қалың да қалың қатпары. Ұмытшақ және ежікте. Емес қой, енді қайтсын ол, баяғыдай жас шағы. Тарихым сонан үзік-жұлық. Қосылмаған бастары.
Мен бір кезде гүлденем, гүлденем және жоқ болам. Оқыдым үш жүз жыл бойы осындай қисын оттаған...
Мен - киелі бір тұқым. Ғайыптың ісі - тағдырым. Тегімді жауым жоғалтсын, жоғалтсын жауым жөндесін, ізімді дұспан өшірсін, өшірсін және көшірсін....
Адасты сонан ұрпағың, ата жол таппай адасты. Милырақтау біреуі: «өлдік» деп те зарлады, өзімізді өзіміз «көмдік» деп те зарлады. Сұңғылалау біреуі басып өткен жолдарды «көрдік» деп те зарлады...
Қамықпа, қорықпа, қайғырма, мен - Мәңгі елмін!
Жоғалмайын! «Қара ошақтың астынан" табылатын ғайыппын!
Нұрбек Тәленұлы,
ҚХР, Іле Қазақ автономиялы облысы,
Күнес аудандық 1-орта мектебі әдебиет оқытушысы.


