Астана биыл қатты қысты басынан өткереді. Қазан айының қара суығынан кейін қараша айының алғашқы екі аптасында күн жауын-шашынды болып, жылылық сақталады. Алайда, қарашаның үшінші онкүндігінде аяз күшіне енеді. Синоптиктердің болжамынша, түнде ауа температурасы – 26° төмендесе, күндіз – 20° дейін суытады.
Астана қаласы «Қазгидромет» РМК Ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы Гүлмира Ардашқызы: «Желтоқсан айы суық болады деп болжануда. Бұл кезде ауа температурасы түнде – 25 ° - 30 °, күндіз – 20 ° - 25 ° төңірегінде болады. Ұзақ мерзімді болжам бойынша Жаңа жылды ұшқынды қармен және аязды күндермен қарсы алуымыз әбден мүмкін. Қатыгез қыс біздің климатымыз үшін үйреншікті. Ешқандай ауытқусыз деуге болады. 2012 жылы желтоқсан айының 15-де қақаған аяз – 40 ° жеткен болатын. Дәл осы 15 желтоқсанда ең төменгі минимум -44 ° жетті. Біз осындай қақаған аязды күтіп отырмыз», - деп Астана тұрғындарына алдын ала ескерту жасады.
Baq.kz-тің жазуынша, қаңтар айында қыс қаһарына мінеді. Бұл кезде ауаның сынап бағанасы – 43° жетеді. Күндіз – 25° – 30° аяз сақталады. Ал, көктемде құбылмалы ауа райы сақталып, суық күндер көктемнің жайма шуақ күндерімен алмасуы ықтимал.
Қамшы-ақпарат
