Долларға ауыстыратын теңгеміз азайды

/uploads/thumbnail/20170708155259955_small.jpg

Қазақстанда соңғы айларда доллар сатылымы кенеттен түсіп кетті. Қыркүйек айында АҚШ долларының сатылымы 2,6 триллионды құраған. Бұл тамыз айындағы көрсеткіштен 150 миллиард теңгеге аз. Бұл туралы Zakon.kz жазды.

АҚШ долларының сатылымы қыркүйекте 36,4% қысқарған. Яғни 1,4 миллиард доллар айырбасқа түскен. Бұл өткен айдағыдан 2,3 миллиард доллар көрсеткішке төмен екен. Осыған байланысты төмендегідей сұрақтарға белгілі саясаткер Әміржан Қосановтың пікірін білген едік. 1, Бір-екі апта бұрын ғана әлемде мұнай бағасының құлдырап жатқаны, егер осылай жалғасса керісінше теңге құнсызданып, бір долларға шаққанда 220 теңгеге дейін болуы мүмкін екені айтылған. Қазақстанда доллар сатылымы төмендегені туралы ақпарат шындыққа сай келе ме? 2, Доллардың айырбас саудасының бұлай құлдырауы алдағы уақытта теңге құны қайта күшеюі мүмкін деген сөз бе?

3, Бұндай ақпарат тарату Еуразиялық одаққа халықты қаржылық тұрғыдан дайындау түсу болып табылмай ма?

Әміржан Қосанов, саясаткер: «Бұл өзі өте күрделі мәселе. Қысқаша қайырып көрейін. Доллардың сатылымының азайып кетуі оған деген сұраныстың да күрт артуынан екені белгілі. Осы сұраныстың себебі де баршаға мәлім. «Аузы күйген, үріп ішеді» демекші, кешегі 20 пайыздық девальвация кезінде теңгелік салымдары мен жинаған қорларының нақ сол мөлшерде - 20 пайызынан айырылып қалған жұрт енді не істемек? Әрине, үйреншікті долларға жүгінбек. «Доллар Африкада да – доллар» деген совет кезіндегі сөз әлі де болса өз маңызын жоғалтпаған секілді ғой.

Сондықтан да өз басым Қазақстанда доллардың сатылымы азайды дегенге онша сенбеймін. Бәлкім, долларға ауыстыратын теңге азайғаны болар жұрттың қалтасында? Ұлттық банктің эмиссиясы мен интервенциясына да көп нәрсе маңызды. Өкінішке орай, мәселенің о жағын билік бізге айта бермейді. Осы құпиялықтың өзі алыпқашпа әңгімелердің көбейіп кетуіне өз әсерін тигізуде.

Ақша массасының бір бөлігін айналымнан шығарып отыру тәжірибесі де теңгенің тұрпаттылығына оң ықпалын жасауы тиіс. Бізде ол қаржы Ұлттық қорға құйылуда. Бірақ кешегі күні Ұлттық экономика министрі Ұлттық қордан жыл сайынғы алынатын лимиттің өскенін, тағы да қосымша қаржы алынатыны туралы ашық айтты. Бұл да ұлттық валютаның бағамына әсер етпек. Теңге бағымы сыртқы сауданың жағдайына да тікелей байланысты, яғни шетелге тауар сатып, доллар алып, ұлттық валютаны күшейтуге болады. Бізде тауардан гөрі, қазба байлықтары, соның ішінде мұнай мен газ сыртқа экспортқа шығарылатыны белгілі. Сондықтан да мұнай бағасының рөлі ерекше. Әзірше, оған қатысты болжамдар аса жақсы емес. Қазіргі жағдайда, ЕАЭО-ға Қазақстанның енуіне байланысты рубльдің де бағамын жіті бақылап отыру қажет. Бір одақ болғандықтан біз ол факторға да тәуелді боп қалдық. Міне, осы және басқа факторларды ескере отырып, ұлттық валютамыздың қазіргі қаржылық дағдарыс кезіндегі тағдырын шешуге болады деп ойлаймын. Ең бастысы – Қазақстанда көзге ұрып тұрған және тасада қалып, көрінбейтін қауіп-қатерлермен қатар біраз ішкі және сыртқы мүмкіндік бар.

Әңгімелескен: Нұрғали Нұртай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар