Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қандасымыз Өмірхан Алтынның мінберден сөйлеген сөзін Еуропа назарға алды деп жазады Qamshy.kz.
Өмірхан Алтынның құрылтай мінберіндегі сөзіне Германия саясаткерлері назар аударған.

(MARGARETE BAUSE)
Бавария парламентінің адам құқықтары саласындағы белгілі мүшелерінің бірі, Жасылдар партиясының депутаты Margarete Bause ханымның жеке кеңесшісі Helga Iding ханым 27.06.2017 күні Өмірхан Алтынмен Парламент үйінде шұғыл түрде кездесіп, Қытайдың қазақтары тап болып жатқан заң бұзушылықтар мен қысым-қудалаулар туралы мәліметтер сұрап, алдағы уақытта бұл мәселеге жалпы Германиядағы, Еуропадағы адам құқықтарын қорғаушылар ретінде баса назар аударатындықтарын мәлім етті.

Еске сала кетсек, Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайында қандасымыз Өмірхан Алтын кезектен тыс мінберге шығып сөз сөйлеп, Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың жағдайына Елбасының мән беруін сұраған болатын.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ол туралы бейхабар екенін айтып, сыртқы істер министрлігіне тапсырма беруге уәде еткен еді.