Қырғызстанда тұрғындар 19 жастағы қызды құлдыққа сатылып жатқан жерінен құтқарып қалды

/uploads/thumbnail/20170710161831208_small.jpg

Қырғызстанның Ош облысында жергілікті тұрғындар 19 жастағы қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі  Turmush.kg сайтына сілтеме жасап.

30 маусым күні Райымбек көшесінде орналасқан көп қабатты үйлердің бірінен бір қыз жүгіріп шығып, жұрттан көмек сұрай бастаған. Ол үй орталық базардың маңында орналасқандықтан ол жерде жұмыс істейтін тұрғындар күдікті адамдарға бойжеткенді бермей қойған.

Белгілі болғандай, көмек сұрап келген қыз Ош облысы Ноқат ауданының тұрғыны – Әсел есімді қыз екен.

Ол Жалал-Абадтағы әпкесінің үйіне бара жатқандығын айтқан. Жолда бір танысы оны алдап Ош облысына алып келіп, қызды сатып жібермек болған.

Зәбір көрсетуші бір топ жігіттер мен әйел ол қызды жеңіл жүрісті қыз деп атап, жезөкшелер үйінен қашып кеткен деп айтып берген. Алайда, қызға көмектескен адамдар ол сөзге сенген жоқ. Бірнеше уақыттан соң Әселді Сүлейман ТОО полиция басқармасына жеткізген.

«Мен Жалал-Абадтағы гипермаркетте жұмыс істеймін. Сол жаққа әпкеме бара жатқанмын. Жолда менің Мика есімді танысым бір жерде демалып, шәй ішуді ұсынды. Мен келістім, кейіннен екеуміз бейтаныс көлікке отырып, олар бізді Ош қаласы Райымбек көшесіндегі көп қабатты үйлердің біріне алып келді. Жүрегім бір жамандықты сезе бастады. Қатты қорқып кеттім де, далаға қашып шықтым. Менің артымнан Мика да жүгіріп шығып, күштеп пәтерге кіргізе бастады. Мен бар дауысыммен айқайлап, көмекке шақырдым. Мен қазір ешкімге де сенбеймін, тіпті, полиция қызметкерлеріне де. Мені сатып жібермек болған адамдардың ақшасы көп, олар мені кез келген уақытта полиция басқармасынан да алып кете алады. Тек ресми формада келген полиция қызметкерлеріне ғана сендім, олар мені үйіме жеткізіп тастауы керек», - дейді Әсел.

Сонымен қатар, ол қыз пәтерден аяқ киімсіз жүгіріп шыққан. Ал оның артынан бір топ жігіттер мен бір әйел қуып, алып кетпек болған.

Кешкі уақытта оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, қызды полиция басқармасына алып кетті.

Аударған: Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар