Дүниежүзілік мұнай кеңесінің вице-президенті сайланды

/uploads/thumbnail/20170716220355241_small.JPG

Жамболат Сәрсенов Дүниежүзілік мұнай кеңесінің маркетинг жөніндегі вице-президенті және Атқарушы комитетінің мүшесі болып сайланды, деп жазады Қамшы ақпарат агенттігі. Бұл туралы KAZENERGY қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталмыш шешім Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан 22-ші Дүниежүзілік мұнай конгресі аясында қабылданған.

Жамболат Сәрсенов жаңа қызметінде барлық қатысушылар арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыру, ұлттық және халықаралық мұнай компанияларын әрі қарай тиімді дамыту мақсатында кеңестің оң беделін күшейту әрі ілгерілету сияқты маңызды бағыттар бойынша Дүниежүзілік мұнай кеңесіне мүше елдердің  жұмыстарын үйлестіреді. Сонымен қатар ол Батыс пен Шығыс мемлекеттердің, әсіресе ағылшын тілінде сөйлемейтін елдердің мұнайға байланысты мүдделері мен тәжірибелерін біріктіруге қатысты мәселелерге жетекшілік етеді. ДМК аясында талантты мамандар мен тәжірибелі кәсіпқой мамандардың дағдылары мен құзыретін біріктіру және үйлестіру де Сәрсеновтың басқаруында болмақ.  

KAZENERGY қауымдастығының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстанның энергетикалық саласының ағымдағы және перспективті дамуының жай-күйі туралы кешенді түсінік қалыптастыру мақсатында Қауымдастық Ұлттық энергетикалық баяндама әзірледі, онда Қазақстан Республикасының мұнай-газ және энергетика саласының біртұтас жүйе ретінде тұрақты дамуына КAZENERGY қауымдастығының стратегиялық көзқарасы бейнеленген. Қазақстан ДМК-ге Кеңес шеңберіндегі нарықтың дамуы және болжамдары туралы осыған ұқсас есептер дайындап беруге ұсыныс жасағалы отыр.

Осылайша Жамболат Сәрсеновтың ДМК-дегі жоғары лауазымды қызметке тағайындалуы Қазақстан атынан KAZENERGY қауымдастығының дүниежүзілік мұнай нарығында оң беделі мен ұстанымын нығайтуда жасалған кезекті бір қадамы болып табылады және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, сонымен қатар Кеңес мүшелерінің барлық елдері арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін береді.

Шолушы: Гүлім Жақан

Қатысты Мақалалар